Бағдат Мусин: Блокчейн технологиясын енгізетін болдық
2021 жылғы 18 қараша 00:37

Бағдат Мусин: Блокчейн технологиясын енгізетін болдық

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Блокчейн технологиясын енгізу қажет деп шештік, деп мәлімдеді бүгін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында.

«Бүгін әріптестермен бірге жаңа баспананы блокчейн технологиясымен онлайн тәртіпте ресімдеу процесін таныстырдық. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) ағылатын адамдардың сұранысын сараптай келе, біз ең танымал қызметтерге зер салдық. Мысалы, биыл 9 айдың ішінде қазақстандықтар баспананы тіркеу үшін ХҚКО-ға 900 мың рет, нотариусқа 700 мың рет жүгінген. Сондықтан біз блокчейн технологиясын енгізуге шешім қабылдадық. Осылайша жылжымайтын мүлікті тіркеу мен оны кепілге қою үдерісін жеделдетуге жол аштық»,-деп жазды министр.

Оның айтуынша, мысалы жаңа салынған үйден пәтерді ипотекаға сатып алуды ойға алсаңыз, құжаттар жинап, төрт ұйымды - банк, нотариус, құрылыс иесі мен ХҚКО-ның арасында табан тоздырып, қаншама сергелдеңге түсесіз. Егер біз биыл осындай 900 мың кейс болды десек, оның үстіне әрбір жағдай бойынша әлгі ұйымдарға 2-3 рет бару қажеттігін ескерсек, нәтижесінде адамдар 3 млн рет әрлі-берлі жүгіруге мәжбүр болғанына көз жеткізуге болады.

«Осы мәселелерді шешу үшін біз қазір бизнестің бастамасы бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Банк үдерісін, сондай-ақ құрылыс иесі мен мемлекеттің, яғни «Азаматтарға арналған үкіметтің» үдерісін біріктірдік. Біз мемлекет ретінде адамдарды ХҚКО-ға бару міндетінен босатып, қызметтерді үйден шықпай-ақ, өздеріне қолайлы және тиімді сервистер арқылы алуға жағдай жасауға ұмтылып жатырмыз.

Егер бұл мәселені банк немесе құрылыс иесі арқылы тікелей шешу мүмкіндігі болса, ХҚКО-ға барудың қажеті қанша?! Онсызда мемлекет барлық келісім-шарттарды деректер базасына енгізіп отырады.

Осы жобаны жүзеге асырған біздің министрліктің, Әділет министрлігінің, Bi Group, Halyk bank, Алтын банк және Азаматтарға арналған үкіметтің мамандарына ризашылығымды білдіріп, алғыс айтқым келеді»,-деді Бағат Мусин.


Jańalyqtar

MURAǴAT