Бағдат Қожахметов: Коронавирус індетіне қарсы екпені жеткізу амалдары зерделеніп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус індетіне қарсы екпені жеткізу амалдары зерделеніп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде тараған індетке қарсы екпе жасау үшін әлемдегі барлық тәжірибе зерттелуде. Халықтың қауіпсіздігі үшін аяқасты шешім қабылданбайды. Осы мақсатта коронавирус инфекциясына қарсы екпе әзірлеп жатқан мемлекеттердің озық тәжірибесі сараланып жатыр. Еліміз Жаһандық екпе жасау альянсы әзірлеген (GAVI) вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін «COVAX Facility» бағдарламасына қатысады. Аталған бағдарламаға қатысушы елдердің барлығына індетке қарсы екпе жеткізіліп беріледі. Яғни, белсенді иммундау үдерісі халықтың 20 пайызын қамтиды», - деді ол.

Ресми өкілдің дерегінше, Қазақстанда екпе алуға енетін халықтың саны 2 182 000 адам немесе жалпы халықтың 11 пайызын (жасы 65-тен асқан ұзақ уақыттан бері ауыратын азаматтарды және медицина қызметкерлерін де қамтиды) қамтиды. Екпе тегін жасалады.

«GAVI ұйымының хабарлауынша, коронвирусқа қарсы екпенің мөлшері (дозасы) 10-20 АҚШ доллары (бұған жеткізіп беру құны қосылмайды) аралығында болады. Ұлттық валюта бағамымен алғанда екпеге қарсы дәрінің бір реттік мөлшері 4 142 теңгеден басталып 8 284 теңгеге дейін жетеді. GAVI ұйымы арқылы екпені сатып алудың алдын ала құны 9 037,8 миллионнан 18 075, 7 млн теңге аралығында (жеткізу құнын есептемегенде) деп жоспарланған. Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда аталған ұйымның ұстанымдарын ескере отырып, елімізде екпе алатын азаматтардың (ұзақ уақыттан бері ауыратын, тіркеуде тұрған үлкен адамдармен бірге балаларды да қамту және жабық мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерді қамту) саны арттыруды қарастырады. Егер вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін GAVI ұйымымен заң жүзінде міндеттемелер жасалса, онда алғашқы (15 пайыз) жарна төленеді. Екпе қажетті көлемде жеткізілгеннен кейін толық төлемақы жасалады», - деді Бағдат Қожахметов.


Соңғы жаңалықтар