Бағдат Әміреев: Жібек жолының мұрасын бүкіл әлем көре алар деген сенімдемін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев туризм саласында мүше мемлекеттердің бәріне кеңес барынша қолдау білдіретінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туризм тақырыбы біздің кеңес үшін өте маңызды сұрақтардың бірі. Себебі, біздің кеңеске мүше елдер Жібек жолының дәстүрлі даңғылының бойында орналасқан. Ұлы Жібек жолы Марко Поло бастаған көптеген әлемдік жиһангездердің қызығушылығын тудырғанына тарихтың өзі куә. Біз Батыс пен Шығыстың байланысына мұрындық болған Ұлы Жібек жолының жаңғыруына баса маңыз береміз. Қазіргі таңда Жібек жолының табиғи әралуандығы оны бірегей желіге айналдырып отыр. Оның туристік әлеуетінде шек жоқ. Осы әлеуеттен пайда табу үшін біз халықаралық туристік трендтерді зерттеуіміз керек», - деді Бағдат Әміреев.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы атап өткендей, Азия-Тынық мұхит аймағына туристердің ағылуы артып келеді. Жалпы, 2017 жылы халықаралық туризмнің әлемдік табысы 1,6 триллион долларды құраған.

«Осы статистикаға ерекше назар аудара отырып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі туризмді дамытуға барын салып жатыр. Ол туралы бірнеше мысалды айта кетейін. Біздің кеңестің туризм тақырыбындағы отырысы 2018 жылдың тамызында Астанада өткен еді. Түркітілдес елдердің туристік пакеті біздің ынтымақтастықтың негізі боларлық маңызды фактор. Бұл пакет 15 күннің ішінде Түркиядан бастап Әзербайжан арқылы Қазақстанға бұрылып, Қырғызстанда аяқталады», - дейді Бағдат Әміреев.

2017 жылы түркітілдес елдердің 11 туристік операторынан тұратын концорциум құрылып, этика кодексін дайындаған. Бағдат Әміреевтің айтуынша, туризмді дамытуда кеңеске мүше мемлекеттер ұлттық стратегиясын әзірлеп, ол құжатқа инфрақұрылымдық даму, дистанцияны басқару, әлеуетті арттыру, маркетинг, мұраларды сақтау салаларына маңыз беруі керек.

«Біз әлбетте, біздің кеңеске мүше елдердің көмегімен туристік пакеттерді арттыратын боламыз. Қосымша жобаларды әзірлеп, кеңеске мүше елдерді барынша қолдаймыз. Кезінде Марко Поло Жібек жолын суреттеген кезде көргенімнің жартысын айта алмай қалдым деген екен. Мен Жібек жолының түркітілдес елдеріне қалдырған мұраларын бүкіл дүние жүзі халқы көре алады деген сенім білдіргім келеді», - деп түйді Бағдат Әміреев.

Айта кетсек, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМЫК, Түркі кеңесі) Бас хатшысы Бағдат Әміреев ресми сапармен Қазақстанға кеше келген болатын. Бұл Б.Әміреевтің биылғы 3 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) өткен ТМЫК-тың 6-шы Саммитіндегі тағайындалуынан кейін қазақ жеріне алғашқы сапары.

Еске сала кетсек, елордада «Бірлікке барар жолда» атты Жібек жолына қатысушы елдерінің халықаралық форумы өтіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар