Бағдад Әміреев Әбу-Дабидегі ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев 1-2 наурызда Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46-шы отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркі кеңесінің Бас хатшысы «Ислам Ынтымақтастығының 50 жылдығы: өркендеу мен даму үшiн жол картасы» тақырыбына арналған ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46-шы отырысына қатысты.

Әбу-Дабиде Әзербайжан Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяров, Қазақстан Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қырғызстан Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбековпен кездескен Бас хатшы, Түркі кеңесінің атқарып жатқан жұмысы мен биыл Әзербайжанда өтетін Түркі кеңесінің алдағы саммитіне байланысты дайындық мәселелерін талқылады.

Бас хатшы Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен екіжақты кездесу өткізіп, 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Шолпан-Ата қаласында өткен Түркі кеңесінің 6-шы саммиті барысында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтiң де атап өткендей, Өзбекстанның әсiресе экономика саласында белгiлi ынтымақтастық жобаларына қатысуы туралы пікір алмасты.

Бас хатшы сондай-ақ Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің халықаралық ұйымдар бойынша орынбасары Әбдiрахман Аль Рисси мен Египет Сыртқы істер министрінің орынбасары Эхаб Мохамед Мостафа Фаузимен Түркі кеңесі мен ИЫҰ аясында орнатылған қарым-қатынастар туралы әңгімелесті.

Сонымен қатар, Бас хатшы Бағдад Әміреев Мұса Кулаклыкаяны (Түркия) ИЫҰ Бас хатшысының қаржылық және әкімшілік істер бойынша көмекшісі және Асқар Мусинов (Қазақстан) ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және техника мәселелері бойынша көмекшісі лауазымдарына тағайындалуларына орай құттықтап, жаңа қызметтерінде табыстар тіледі.

Соңғы жаңалықтар