Бағаның төмендеуіне алғышарт жоқ – сарапшы баспана нарығы жайында

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде еліміздегі тұрғын үй нарығындағы шынайы ахуал қандай? Жалпы, нарықтағы бағаның көтерілуі қашан тұрақталмақ? Баспана жағдайын жақсартуды көздеп жүрген не болмаса жаңа пәтер сатып алмақ ниеттегі азаматтар не істегені жөн? Көшілікті толғандырған бұл сауалдарға ҚазАқпарат тілшісімен сұхбаттасу барысында Қазақстан Риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко жауап берді.

Сарапшының атап өтуінше, Қазақстан азаматтарына зейнетақы жинағының шекті мөлшерінен асатын бөлігін алуға рұқсат берілгеннен кейін қаңтар айының соңынан бастап жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныс күрт артып кетті. Дәл осы себепті қайталама және алғашқы нарықтағы баспаналардың бағасы көтерілді.

«Жылжымайтын мүлік сатып алу үшін зейнетақы ақшасын пайдалану мүмкіндігі төлем қабілетін сұранысын айтарлықтай арттырды. Бұл ретте «барлығында бірдей пәтер сатып алуға жететін ақша болған жоқ» деген сынды шүбәмен қараудың жөні жоқ сияқты. Өйткені, тіпті басы артық 2 млн теңге болғанның өзінде қалған сома қолма-қол ақшамен немесе несие арқылы толықтыруға мүмкіндік болды», - деді Нина Лукьяненко.

Дегенмен, сарапшы жарнамада өзгертілген, яғни сатушы сұрап отырған бағаны есептеудің қажеті жоқ екендігін айтады. Баспананың шынайы өзгерген бағасы нақты мәміле жасасу барысында 10-20 пайызға дейін ауытқуы мүмкін.

«2021 жылдың сәуірінде мамырға қарағанда абаттандырылған баспананы қайта сату бағасы 1,7, ал жаңа тұрғын үйлердің құны 0,8 пайызға ғана қымбаттады. Ал наурызда ақпанға қарағанда абаттандырылған пәтерді қайта сату құны 2, жаңа баспана 0,5 пайызға ғана көтерілді. Демек, баға өсімінің қарқынына қарайтын болсақ, нарықтағы жағдай көңіл алаңдатарлықтай емес. Яғни, инфляция өсімі қарқынына, теңге бағамының ауытқуына және өзге де жайттарға сай келетіндігін байқауға болады», - деді қауымдастық президентінің кеңесшісі.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта баспана нарығындағы дүрлікпе басылды және біртіндеп теңгерімді қалыпқа түсіп келе жатыр.

«Әлемде де шаршы метрдің бағасына қатысты тұрақтылық жоқ. Оған алуан түрлі факторлар тікелей әсер етендігі белгілі. Толықтай алғанда, шаршы метр бағасының өзгеру үрдісін саралаған кезде олардың ұзақмерзімді кезеңдегі, кемінде 1 жылдағы динамикасын зерделеу қажет. Бұған қоса, нарықтағы айтарлықтай ауытқу соңғы 2,3 жылда болмағанын да атап өткен жөн. Шамалы өсумен қатар құлдырау да болды. Дегенмен, оған әсер еткен факторлар барлығында да түсінікті еді. Пандемия және соның салдарынан жүріп-тұруға енгізілген шектеулер мәмілелер санының кемуіне және бұл жайт бағаның төмендеуіне алып келді. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақталған қаражаттың бір бөлігін алуға рұқсат беру тұрғындардың сатып алу сұранысын арттырып, баға өсіміне түрткі болды», - деді Нина Лукьяненко.

Сонымен қатар ол құрылыс материалдарының қымбаттауы да соңғы өнім құнының артуына ықпал ететіндігін баса айтты.

«Дәл қазіргі кезеңде бағаның төмендеуіне ешқандай алғышарт жоқ. Осы орайда сатып алушыларға барынша қызықты ұсыныстарды іздеп, жылжымайтын мүлік сатып алуды жеңілдететін барлық тетікті, яғни ипотекалық займның қолжетімді нұсқаларын, құрылысшылардан бөліп төлеу мүмкіндігін, акцияларды қарастыруға кеңес берер едім», - деді ол.

Оның атап өтуінше, соңғы бірнеше жыл бойы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығында баға алыпсатарлығы жоқ.

«Өз шығындарыңызды қарап көріңіздерші. Барлық затқа баға өсіп жатыр. Отбасылық шығында артып келеді. Бұл теңгенің сатып алу қабілетінің төмендегендігін, инфляцияның орын алғандығын және басқа да жайттарды білдіреді. Сұраныстағы алыпсатарлық барлық уақытта бағаның стандарттан тыс өсімі факторын білдіреді және осы өсімнен біреулер пайда табады. Зейнетақы қорында жинақталған қаражаттың бөлігін алу аясында мәмілелер саны артып, бұл бағаның өсуіне қатты әсер етті. Тіпті, біреулер қайтадан сатып жіберу үшін зейнетақы қаржысына пәтер сатып алғанымен ақшаларын тек қана қолма-қол қаражатқа айналдыра алады. Бірақ, оның бұл процедурадан пайда табуы неғайбыл», - деді Нина Лукьяненко.

Бұған дейін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин тұрғын үй бағасының жағдайы тұрақты емес және құбылмалы болуымен ерекшеленетіндігін айтқан еді.

«2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында бастапқы тұрғын үй бағаларының өсуі 5,5% құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 1,5%-ды ғана құрады. Биылғы екінші деңгейлі тұрғын үйдің бағасы өсіп келеді, яғни 12,3% өсті, 2020 жылдың осы кезеңінде 2,2% болған», - деген еді ол.

Агенттік басшысының атап өтуінше, 2021 жылдың қаңтарынан сәуірге дейін 175 040 пәтер сатып алу-сату мәмілелері тіркелді. Бұл тұрғындар тарапынан сұраныстың артқанын көрсетеді. Алайда, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері құрылыс салушыда Бірыңғай оператордың кепілдігі болмаса, тұрғын үйді құрылыс сатысында сатып алу мүмкіндігін жоққа шығарады.

«1,3 триллион теңге (шамамен 60%) зейнетақы төлемдері тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалды, оның 46%-ы (621 млрд.теңге) - ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға (толық өтеу), 25%-ы (336 млрд.теңге) ипотекалық несие бойынша қарызды жабуға (ішінара немесе толық), 14%-ы (194 млрд.теңге) жинақталған зейнетақы төлеміне, 6%-ы (75 млрд.теңге) «Отбасы» банктегі ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін, 3%-ы (40 млрд.теңге) бастапқы төлемды құрайды», - дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Агенттік басшысының атап өтуінше, мемлекет басшылығы қабылдаған соңғы іс-шаралар мен құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй нарығына әсерін тигізуде.

Сонымен қатар ол агенттік тұрғын үй бағасының өсуіне жол бермеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқандығын баса айтты.

«Біз бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін құрылыс салушылармен 10 комплаенс жасастық. Нәтижесінде баға Шымкентте - шаршы метр үшін 330 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейін, Қостанайда - 245 мың теңгеден 230 мың теңгеге дейін, Өскеменде-350 мың теңгеден 220 теңгеге дейін төмендеді», - деді Серік Жұманғарин.


Соңғы жаңалықтар