Бағаны тұрақтандыруда жүйелі жұмыстар қажет – Асқар Мырзахметов

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың  бағаларын тұрақтандыру мен бақылауда ұстау – басты назарда болмақ. Бұл орайда аймақ басшысы Асқар Мырзахметов тұрақтандыру қорының коммуналдық дүкендерін көбейтудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралаған аймақ басшысы бағаны тұрақтандыруда жүргізілер жұмыстардың жүйелі болу керектігіне айрықша көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен Абай даңғылының бойындағы «СМАРТ» сауда орталығының жанында №1 әлеуметтік дүңгіршегіне бас сұққан облыс әкімі ондағы тауарлардың сатылым барысын барлады. Сатушы сұранысқа орай өзінің таңғы жетіден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс жасайтынын жеткізді. Ал, басқа дүңгіршектердегі жұмыс режімі таңғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін екен.

Айта кетейік, бүгінде қала ішінде осындай 11 дүңгіршек бар. Олардағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен сатылуда. Атап айтсақ, картоптың келісі 70 теңге, сәбіз 45, пияз 35, күнбағыс майы 325 теңге, құмшекер 190, сүт 160, нан 55 теңгеден сатылуда.

Аймақ басшысы, сұранысқа орай барлық дүңгіршектердің жұмыс режімін ұзарту және қажеттілікке орай дүңгіршектердің санын барынша арттыру керектігін тапсырды. Сондай-ақ, мұндай әлеуметтік дүкендер маңындағы тұрғын үйлердердегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тізімін анықтап, оларға жеңілдіктер қарастыруды, ол бойынша тиісті тұлғаларға ұйымдастырушылық шараларын мұқият атқаруды тапсырып, бес күн уақыт берді.

Бұдан соң Асқар Мырзахметов «Козин» жеке кәсіпкерлігінің наубайхана жұмысымен танысты. 2000 жылы құрылған наубайхана нан және кондитерлік өнімдер шығарумен айналысады. Бүгінде тәулігіне 25 мың бөлке нан шығаратын кәсіпорында 100-ге жуық адам қызмет етеді. Қазіргі таңда 0,8 гектар аумақта қосымша наубайхананың құрылысы жүргізілуде. Жоба іске асқан уақытта тағы 100 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Өңір басшысы нанның бағасын ұстап тұруға қатысты жүйелі шешімдер қабылдау керектігіне көңіл бөліп, солтүстіктен жеткізілетін жоғары сапалы ұнмен қатар, өз облысымызда өсірілетін бидайды да ұтымды ұқсатудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда өңірде шығатын бидайды сапасына сәйкес белгілі бір дәрежеде наубайханаларда өндеу ісі қолға алынбақ. Осылайша жол шығыны мен сапасына орай нан бағасын төмендетуге қол жеткізуге болады. Бұл тұрғыда анықтау, талдау шаралары жүргізілмек.

Сонымен қатар облыс әкімі Тараз қаласының коммуналдық базарына ат басын бұрып, ондағы жылқы, сиыр, қой еттерінің және өзге де тауарлардың сатылым бағасын шолып шықты. Мұндағы бағалардың нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен екендігін бағамдаған аймақ басшысы тұрғындарды барынша хабардар етіп, тарту керектігін, осылайша бағаның негізсіз өсіміне тойтарыс беруге болатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар