Бағаны бақылау: Президент делдалдық схемаларды тергеп-тексеруді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдермен бірлесіп, өңірлерде осындай делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөнінде комиссия құруы қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік, әсіресе іргелес нарықтардағы сұранысты, ұсынысты және бағаны болжау жүйесінің болуы өте маңызды. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан арасындағы сауда ағындары – тіршіліктің бір бөлігі, олардың болуы сөзсіз. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамдық-талдау аппараты олардың әсерін толығымен ескеруі керек. Ал қазір бұл жұмыстарды көріп отырған жоқпыз», - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев ведомствоаралық ынтымақтастық та маңызды екенін, негізгі дақылдар мен тауарлар бойынша болжамдық баланстар әзірлеп, әріптестермен ақпарат алмасу қажеттігін айтты.

«Шамадан тыс және көлеңкелі делдалдар маңызды мәселе болып отыр. Әділ сауда делдалдығы – нарықтық экономиканың ажырамас және қажетті бөлігі. Бірақ делдалдар нарықты өз ыңғайларына «сындырып», өндірушілер мен тұтынушылар есебінен аса көп пайда тауып жатады – бұған жол беруге болмайды. Көбінесе жергілікті биліктің өзі анықтай алмайтын өте тұрақты схемалар болады.

Үкімет Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдермен бірлесіп, өңірлерде осындай делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөнінде комиссия құруы қажет. Бұл жұмысқа Қаржы мониторингі агенттігі де қосылуы тиіс. Олар бағаның бүкіл тізбегін тексеріп, нәтижелерін баяндауы керек. Ірі қалалардың көтерме сауда нарықтарына ерекше назар аудару керек», - деп тапсырма берді Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі азық-түліктің қымбаттауы жөнінде пікір білдіріп, пандемия азық-түлік қауіпсіздігіндегі осалдықты ашып көрсеткенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар