«Бағаналы ордам - басты ордам» атты ақындар айтысы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір елорда төріндегі Конгресс-холл сарайында Астана күніне және Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Бағаналы ордам - басты ордам» атты ақындар айтысы басталды.

Бұл жыр додасында еліміздің ең мықты суырып салма ақындары өзара сынға түсуде. Айтыс жанкүйерлері сахна төрінде осы кезге дейін талай айтыстарда топ жарған, көпшілікке кеңінен танымал 12 ақынның жырынан сусындамақ. Сол 12 ақынның ішінде Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар сияқты сөзге шешен, тілге бай, елінің өткені мен бүгінін толғайтын орақ тілді, қарсыластарын әзіл жырларымен алып та, шалып та қағытатын шын жүйріктер бар.

Ақындар айтысы атаулы датаға орайластырылып отырғандықтан, айтыстың басты тақырыбы еліміздің жетістіктері мен даму перспективалары, сондай-ақ, егеменді еліміздің қалыптасу тарихы болмақ. Ақындарға қойылатын талап: олар қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелерді жырға қосады. Айтыскерлер өз ойларын сұлу сөзбен өріп, тапқыр ойды өрнекті тілмен жеткізіп, өз тыңдармандарын қуантуы тиіс.

«Бағаналы ордам - басты ордам» ақындар айтысының әділ қазылар алқасының құрамында танымал суырып салма ақын, қазақ халқы шығармашылығының осы бір ерекше түрін зерттеп жүрген ғалым Аманжол Әлтаев, ҚР халық ақыны Қонысбай Әбілов, белгілі айтыскерлер Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазин бар.

Естеріңізге сала кетейік, дәстүр бойынша Астана қаласының әкімдігі ақындар айтысын Елорда күнін мерекелеу аясында осымен оныншы рет өткізіп отыр. 

Соңғы жаңалықтар