БАҒАНАЛЫ БАРЛЫБАЙ БАТЫР

None
None
Барлыбай Тауасарұлы (шамамен 1690-1770) - атақты батыр, ел басқарған көсем, қабырғалы қайраткер. Бағаналы Найманның Жауғашты тармағынан шыққан.

Ел жадында есімі ескірмей, келбеті көмескіленбей, айбыны аласармай келе жатқан «Бағаналы Барлыбай», «Барлыбай сардар» атанған. Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі - Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы - Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған.

Барлыбай батыр Тауасарұлы Түркістан түбіндегі Қарнақ медресесін, Үргеніш медресесін бітіріп, араб, парсы, көне түрік тілдерін меңгерген. 18 жасында қалмақтың белгілі батырларын жекпе-жекте жеңіп, елінің батасын алады. Кіші жүздің Шөмекей руының әскербасы болып, орыс, қалмақ, түрік, Қоқан, Хиуа әскерлеріне тойтарыс берген.

Барлыбай батыр туралы ел арасында тараған әңгімелер жеткілікті. Солардың ішінен оның өмір жолынан тұжырымды мағұлмат беретін, Абылайхан заманынан көл-көсір деректер қалдырған ақын Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихат» дастанында:

«Шапырашты Наурызбай Дүр бірісі

Найманнан Барлыбай бар екіншісі.

Елшіге кіші жүзден қосылды кеп,

Тамадан Есет батыр деген кісі..» -деп, Барлыбай батыр есімін Абылайдың Қытайға үш жүзден жасақтап жіберген елшілердің қатарында атайды. Бұл оқиға 1749 жылға дейін болған. Шәді төре дастанындағы мәлімет Барлыбай батырдың ел ішіндегі биік беделі мен айрықша ақыл-парасаттан хабардар етеді. Ал, Барлыбай батырдың тарих сахнасына суырылып шығуы - халқымыздың ХVІІІ ғасырдың басындағы жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күресінде үш жүзге танылған қолбасшы батыр дәрежесіне көтерілуінен басталады. Бұл кезде оны қара қазақтан шықса да, хандарға бергісіз аса көрнекті тұлға Шақшақ Жәнібек тархан маңайынан көреміз.

Халық ақыны Иманжан Жылқайдаровтың «Шақшақұлы Ер Жәнібек» атты ел ауызындағы деректерден құрылған дастанында Барлыбайдың басқыншыға қарсы аттанған айтулы батырлардың сапында болғандығы айтылады. Бұл дастанға 1726-1731 жылдардағы жоңғарға тегеуірінді тойтарыс берілген, жаудың бетін түбегейлі қайтарған шайқастардың оқиғалары арқау болған. Бұл - Барлыбайдың жігіт ағасы жасына жетіп, қолбасшылық дәрежеге жеткен шағы. Сонда оның осы тұста 35-40 жастағы кезі деп болжауға болады. Осындай жорамал жетегімен біз Барлыбай Тауасарұлы 1690 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келген деп қисынды тұжырым жасасақ, онша қателесе қоймайтын секілдіміз.

Елші Барлыбайды, қолбасшы Барлыбайды халық жадында сақталған әңгімелерде хан болған дейді. Оның өмір сүйген дәуірінде қалыптасқан саяси, әлеуметтік жағдаяттар тұрғысынан қарағанда мұның қисыны жеткілікті. Біріншіден, біз хан деген атақтың билеушінің дәрежесін аспандатудың, жалған мадақтың, жағымпаздықтың белгісі емес, қарадан шықса да халқына қорған, қамқор болған адамға қарата айтылатын, түп тамыры сонау Шыңғысхан заманынан да әріге кететін ежелгі дәстүріміздің сабақтастық сарыны екендігін естен шығармауымыз керек.

Екіншіден, біздің қолымызда Барлыбайдың билік басына келуінен тікелей болмаса да жанама дерек беретін бірқатар құжаттар бар. 1749 жылы 8 шілдеде Орынборға, генерал-губернатор И.И.Неплюевпен кездесіп, келіссөздер жүргізуге Нұралы хан, Бөкенбай батыр, Жәнібек тархандар бастаған көптеген рубасылары мен беделді өкілдері келген. Бұл делегацияның құрамында Кіші жүзден мыңнан астам, Орта жүзден екі жүздей адам болған. Келіссөздер барысында И.Неплюев Жәнібекпен өте жиі және ұзақ сөйлесіп, одан Орта жүзге кіретін, бұрын ақ патшаға адалдық ант берген рулар ішіндегі жағдайдан хабар алып, Әбілқайыр өлгенге дейін Барақ сұлтан басқарған Бағаналы наймандарға байланысты сұрақтар қойған. Жәнібек генерал-губернаторға Барақтың қашып кетуіне байланысты наймандар басқа басқарушы (правитель) сайлатындығын хабарлаған. Сонымен қатар Әбілқайырдың қазасы төңірегіндегі оқиғалар бүкіл қазақ қауымын алаңдатқанымен, бағаналылардың ұлы мәртебелі император ағзамға адалдықта, тыныш өмір сүріп жатқандығын айтқан.

Бұл деректер белгілі тарихшы В.Я.Басиннің архив құжаттары негізінде жазылған «Россия и казахское ханства в ХVІ-ХVІІІ в.в» атты кітабынан алынып отыр. Барақтан кейін Бағаналы тайпасын төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарған. Барлыбай батырдың жас мөлшері де, сол кездегі қазақ қауымы ішіндегі беделі де, жолы да осындай тұжырым жасауымызға толық негіз бола алады. Оны бұл мәртебеге жеткізуге бүкіл Орта жүз бен Кіші жүзге салмақ сала алатындай дәреже-деңгейі бар, ханға да, қараға да сөзі өтіп, ел бірлігі жолында салиқалы саясат ұстанып отырған ауылдас-бауырлас, қоныстас-өрістес Жәнібек тарханның толыққанды ықпалы болғаны айтпасақ та түсінікті.

Қалыптасқан ежелгі салт-дәстүр бойынша халық Барлыбайды ақ киізге көтеріп, хан деп атаған. Барақ сұлтанды да халықтың кезінде хан атағаны тарихтан белгілі. Осыған дәлел болар сол заманда Барақ басқарған Бағаналы жұртының жағдайынан мәлімет беретін бірқатар құнды деректерді «қазақ даласының Геродоты» атанған аса көрнекті орыс ғалымы А.И.Левшиннің 1832 жылы  Петербургте жарық көрген «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты кітабынан табамыз. Бұдан Барақты елдің хан деп құрметтегенін көреміз. Осы мәлімет ел аузындағы әңгімелерді жандандырып, Барақ сұлтанның орнын басқан Барлыбайдың да хан атанғандығын толық айқындайды. Біз бұл ретте дүние жүзі ғалымдары тарапынан құндылығы бірауыздан мойындалған еңбекке сілтеме жасап отырмыз. Болмаса, басқа да тарихшылар жазған тілге тиек етерлік жанама деректер мол. Бағаналы Барлыбай ханның жасы сексеннен асып қайтыс болғандығын Жанкісі ақынның оның әйелі Таңшолпанға көңіл айтуынан білеміз. Бұл - 1770 жылдардың жобасына келеді. Бұл өлеңнің авторы Жанкісі Көшекұлы. Орта жүздің Ашамайлы керей руынан. Артында мол мұра қалдырған жырау 1716-1792 жылдары өмір сүрген. Жоңғар жойқыны кезінде талай жорыққа қатысып, жалынды жырымен сарбаздар рухын көтеріп, насихат жүргізген. Барлыбаймен жасақ ішінде  бозбала кезінде танысқан.

Барлыбай батыр Тауасарұлы туралы Сегіз сері Шақшақұлы, Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927) шежірелерінде айтылады. Сегіз сері «Барлыбай хан» атты тарихи дастан шығарған. Оның ерліктерін Жанкісі (Жанқиса) Басыбайұлы (1772-1849), Әбутәліп (1788-1857), Балтекей Қорғанұлы (1830-1917), Қожабай Тоқсанбайұлы (1841-1919), Мұқан Балтекейұлы (1873-1918)Тайжан Қалмағанбетұлы (1877-1937), Шеген, Қанафия сынды ақын-жазушылар жырлаған.

Барлыбай Тауасарұлының өнегелі өмірі, іргелі істері мен ерен ерліктері ХІХ ғасырдағы ауыз әдебиетінде біршама бейнеленген. Бағаналы Барлыбай ханға қатысты ел аузында айтылып жүрген әңгімелер мен аңыздар өте мол.

 

 

Дерек көздері:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы ІІ том,

Қуаныш Ахметов, «Ұлы Даланың Ұлытауы»  - Омбы\1999.

Соңғы жаңалықтар