БАБАЛАР СӨЗІ: Шәуілдір атауы туралы аңыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты.

Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

ШӘУІЛДІР

(І нұсқа)

Ат шаптырым алыстан мұнарта, қарауыта көрінетін Төрткүл дүниеге аты мен даңқы жеткен «Ұлы Жібек жолының» күре тамыры болған Отырар қаласының кішігірім таудай болып үйілген үйінді орны. Отырар қаласының солтүстік беткейінде Арыстанбаб деген әулиенің күмбезі бар. Ақшеңгел кей-кейде сыңсып, бір түрлі мұңды әуенмен жылайды. Сол жерге «Шейіт болған қыз» жерленген, сол қыздың моласының үстінде ақ шеңгел өскен деседі.

Отырар ханы Қайырдың інісі әскербасы болады. Әскербасының жалғаннан айттырған жалғыз қызы Дүр болады. Дүр өнер-білім алу үшін ағасы Кайыр ханның қолында жасайды. Дүр өте сүйкімді, көрікті, құралай көз, киғаш қас, сүмбіл шаш, талшыбықтай бұралған көркіне ақыл-парасаты сай болып өседі. «Әскербасына жасаған ием жалғыз қыз берсе де, дүниенің тұтас байлығына пара-пар қыз берген», - деседі.

Кайыр ханның ұлы Шәміл Дүрменен түйдей құрдас екен. Екеуі де балалықтың бал күндерін өткізе береді екен. Шәмілді көрген қариялар: «Ер тұлғалы, батырға лайық кейпі бар. Бұл өзі Қайырдан өткен хан болар» дейді.

Қайырды дұшпандары жеңудің әдісін ойлайды. Қайырхан мен інісінің ұйымшыл, халқының ұйыған ынтымағын жек көреді: «Әскері мықты, бұны жеңу үшін күш емес, айла керек», - дейді.

Сол кезде Шәміл жігіт болып бой түзеп, Дүр бой жеткен қыз болып қалған екен. Оңы мен солын анық ажырата алмайтын бозбала жігіт пен бойжеткенді қанды шеңгелдеріне түсіруді мақсат тұтады. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, хан сарайынан опасыз жан табады. Қайырхан өзі саятшылап кет­кен екен. Кеткенін білген жау пәк жандарды алдап-арбап, шарап ішкізеді екен. Екеуі естерін жиған соң, ұят шоғына би­дайдай қуырылады екен. Бұл хабар ханға да жетеді. Намыс отына түскен хан, Сарыкөлден інісін суыт алдырады. Інісі де: «Бұл не деген сұмдық, қазақ халқының дәстүр-салтында жоқ масқаралық», - деп күйзелді.

«Күнәһардың бірі сіздің, бірі менің перзентіміз, екеуін де жас боран етіп жазалау керек» дейді. Қайырхан сабырлы қалыпты: «Осы іске көңілім сенбейді» деп, Шәміл мен Дүрді алдырады, екеуі де болған істі мойындайды. Үкім шығарылып, туысқан аға, қарындастың қылмысына лайықты жаза қолданылады. Қала халқының бәрі күн батыс жаққа тұрып, екіге бөлініп тұрады. Қақпа аузында жазалаушы әскер атқа мініп, қылышын қолына алып, сап түзейді. Қылмыскер екі жас жүгіріп атқа мініп, қала ішінен шауып шығуы керек.

Алдымен Шәміл көз ілеспес жылдамдықпен жұлдыздай ағызып өте шығады. Жазалаушының қылышының біреуі иығына, біреуі санына тиіп, қып-қызыл қаны саулап кетеді де, жоқ болады. Оның артынан Дүр де ақ жамылып ағыза өтеді. Шәмілдің басын ала алмаған бас кесерлер, Дүрдің басын алады. Қыздың денесін алып, Арыстанбабқа тастайды. Қызды сол жер­ге жерлепті. Ал Шәміл ұшты-күйді жоқ болады. Ел жиналып, есін жиған соң, ескі елді мекен Отырардың атын «Шәміл-Дүр» депті. Келе-келе бұл Шәуілдірге айналыпты.

ШӘУІЛДІР

(ІІ нұсқа)

Ертеде Бұзық қаласын (қазіргі Темір ақ қорға, Бозықтөбе) Мұрындық атты хан билепті. Ол өте қатал, айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей жан екен.

Бірде қаладағы Беген өзенінен су тартылып, қала тұрғындары бір тамшы суға зар болыпты. Сол кезде Мұрындық хан: «Кімде-кім қалаға су жеткізетін болса, соған қызымды беремін», - деп жар салыпты.

Мұрындықтың Дүрия есімді айдай сұлу қызы бар екен. Көркіне ақылы сай Дүриядан қаланың бар кәрі-жасы тегіс үміткер болып, олар қалаға су әкелу жұмысына бар ынтасымен жұмылыпты. Алайда су жеткізу ешқайсысының қолынан кел­месе керек.

Сол ауылда Мұрындықтың жылқысын бағатын Шәміл есімді көрікті, батыр тұлғалы жігіт бар екен. Шәміл мен Дүрия бір-бірін өте жақсы көріпті. Бірақ сезімдерін жария етуге бірінің кедей жігіт, екіншісінің бай қызы екендігі бөгет болыпты. Ра­сында, тігерге тұяғы жоқ, сіңірі шыққан кедейге қай бай қызын берсін. Осыдан барып Дүрия әкесіне Шәмілді ұнататынын айтуға аузы бармайды. Айтқан жағдайда, сүйген жігітінің мой­нына қыл арқан түсетіні анық.

Ханның қалаға су әкелу туралы жарлығын естігенде, Шәміл қатты қуанады. «Дүрияға қосылудың бірден-бір жолы осы» деп ойлайды.

Ол үлкен кетпен жасатыпты. Арыс өзенінің жағасына келіп, тездетіп іске кіріседі. Күн-түн демей арық қазады. Тек бір өкініштісі, он бес шақырымдай жүргенде кетпен бір қатты затқа соғылып, сабы сынып кетеді.

Кетпеннің сабы тораңғыл ағашынан жасалған екен. Ызаланған Шәміл сынған сапты бес бөліп, лақтырып жіберсе, ол бес таяқша болып жерге шаншыла түседі де, біраз уақыт өткесін, көктеп шығады. Кейін сол жерде бес ағаш өсіп тұрады. Содан халық ол жерді «Бестораңғыл» деп атап кетеді.

Шәміл кетпенін қайта саптап, жұмысын жалғастыра береді. Отыз шақырымдай арық қазып, Бұзық қаласына су алып бара­ды. Шөліркеген халық суға қанып, шаттыққа бөленеді.

Алайда Мұрындық хан өзінің уәдесін орындамайды. Қызын алып, Отырар қаласына қарай қашады. Бірақ оны Шәміл Отырарға жеткізбей, қуып жетіп, Дүрияны күшпен тартып алады.

Содан кеткен екі жас ну орманды паналап, күн кешеді. Аң аулап, жеміс-жидекті қорек етеді. Мұны естіген хан ашуға мініп, арттарынан әскерін жіберіп, екеуін табанда өлтіртеді.

Міне, осы екі ғашық паналаған жерді жұрт «Шәміл мен Дүрияның ауылы» деп атап кетіпті. Уақыт өте келе бұл атау қысқартылып «Шәмілдүр», артынан дыбыстық өзгерістерге ұшырап «Шәуілдір» атанған деген сөз бар.

Соңғы жаңалықтар