БАБАЛАР СӨЗІ: Алаша хан, Жошы хан туралы аңыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

АЛАША ХАН, ЖОШЫ ХАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Ертеде Сарыарқада Ұлытау тегіресінде Алаша хан деген хан болыпты. Оның Жошы деген баласы, Домбауыл деген батыры болыпты. Ханның ордасы Ұлытаудың күншығыс жағындағы оңтүстікке қарай ағатын Кеңгір өзенінде болыпты. Сол хан ор­дасы тігілген жер бүгінге дейін «Қанды арал» аталады. Мұнысы хан отырған арал дегені.

Бір күні хан баласы Жошы қасына нөкерлерін ертіп, аңға шығып құлан қуыпты. Басқалары жете алмай, тұлпар мінген Жошы ұзап барып жалғыз жетіп, құландарға араласқанда, қарусыз Жошыны құланның әңгілері (тентек айғырлары) ортаға алып, талап өлтіреді. Біреулер: «Талап өлтіргеннің барлық етін жеп қойыпты, жалғыз-ақ шынтағы қалыпты» десе, енді біреулер: «Жоқ, басқа етіне тиген жоқ, тек шынтағын ғана жоқ қылыпты» дейді. Тегінде соңғы сөз дұрыс болар. Өйткені құлан ет жемейтін аң ғой.

Жошының нөкерлері артынан келіп өліп жатқан Жошыны тауып алып, елді хабарлайды. «Сақтай алмай, өлтірдіңдер!» деп хан қаһар қыла ма деп қорқып, ел ханға айта алмайды. Күн ұзаған сайын қаупі қайғыға ауысқан хан енді қайғысына қаһар қосып, «Жошының хабарын айтыңдар» деп халықты қысады. Бірақ, біріншіден, айтуға қорқып, екіншіден, қалай естіртерін білмей сасып отырғанда хан мынадай жарлық таратады: «Жошы қалай да аман емес, бір пәлеге кезікті. Оны айтпай отырсыңдар. Сұрағанда айтпағандықтан, мұнан былай Жошының жаман хабарын айтушының кім де болса аузына қорғасын құямын», - дейді.

Халық бұрынғыдан да сасады. Жошының нөкерлері қорқып, басқа мемлекетке - Қытайға кетеді. Ақырында, халықтың ойлы адамдары: «Атақты бір домбырашы бар екен. Ол домбыраны кәдімгі адамша сөйлетеді екен», - деп, соны алып келіп, «Жошының өлгенін сен ханға домбырамен естірт», - деп жалынады. Домбырашы мақұл деп хан ордасына келеді. Қайғыменен зеріккен хан домбырашыны ордаға алғызып, неше түрлі зарлы күйлер тартқызып көңілін көтереді.

Мәжіліс әбден қызған кезде домбырашы домбырасына:

Алаша хан, Жошы хан, Таудан құлан жосыған. Жошы ханның өлгенін Біле ме екен осы хан? Құлан жеді Жошыны, Нанбаймысың осыған,-

деген сөзді домбыраға сөйлеттіреді. Сонда хан:

- Япырм-ау, мына домбыра Жошыны құлан өлтірді деп отыр ғой, - дейді. Халық:

- Тақсыр, Жошының жаманатын өз аузыңыздан естідік қой, - дегенде хан домбыраның бетін тесіп, сол тесіктен қорғасын құйғызыпты.

Ашуын кімнен қалай аларын білмеген хан ойланып-ойланып, сол маңдағы құланды құртпақ болып, барлық жанды құлан қууға шығарады. Жошының Қабанқұлақ, Еңкей деген екі тұлпарының бірін мініп, бірін қосарлап Домбауыл да шығады. Аңшылар құланды оңтүстікке қарай үркіте қуып жеткенін қыра береді. Домбауыл бір бөлек құланның соңына түсіп, жеткенін қыра-қыра Ұлытаудан үш жүз шақырымдай жердегі Шу өзеніне жақындағанда тұлпардың біреуі тұрып қалады. Жетегіндегіні мініп тағы қуады. Көп ұзамай өзеннің аңғарына таянғанда ол тұлпар да тұрып қалады. Халық сол екі тұлпардың тұрып қалған жерлеріндегі екі төбенің аттарын сол екі тұлпардың аттарымен бірін «Қабанқұлақ» деп, бірін «Еңкей» деп атап кетіпті.

Домбауыл қуған бір топ құланнан сол жерге келгенде бес-ақ құлан қалған екен. Сол бес құлан о да шаршап, екеуі жүруге ша­масы болмай Шу өзенінен өтеді де, арғы беттегі бір төбенің бетіне барып жаланып жатады. Қазір сол бес құланның Шу өзенінен өткен жерін халық «Бес құланның өткелі» деп атайды.

Құланды жайғастырған соң Алаша хан Жошыға көрнекті там салғызады. Кейін Алаша ханның өзінің де, Домбауылдың да сүйектері сол маңға қойылып, оларға да там салынады. Осы үш тамның үшеуі де біріне-бірі қоралас Кеңгір өзенінің бойында.

Соңғы жаңалықтар