БАӘ мен Қазақстан 11 млрд доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырмақ

None
None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес саласындағы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ынтымақтастығымыз көпқырлы қарым-қатынас пен әртүрлі бағыты жағынан үлгі бола алады. Әмірліктер - осы аймақтағы басты серіктесіміз. 2019 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында біздің тауар айналымымыз өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артып, 500 миллион АҚШ долларын құрады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев кездесудің ашылуында.


Мемлекет басшысы осыған қарамастан бұл бағыттағы жұмысты одан ары қарай жалғастыра беру керектігін атап өтті.

«Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция 2,1 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстаннан БАӘ-ге салынған инвестициясы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстанда Әмірліктердің 350-ге жуық заңды тұлғалары, ұйымдары, өкілдіктері табысты жұмыс істеп жатыр. Бізде құны 11 миллиард доллар болатын бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша ауқымды жоспар бар», - деді Қазақстан Президенті.


Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келгені хабарланған болатын.

Сапар аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасындағы «Әл-Ватан» сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әбу-Даби ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян кездесті.

Ертең, яғни 28 қаңтарда Дубай қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президентімен, Премьер-министрімен, Дубай Әміршісімен, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесіп, Дубай халықаралық қаржы орталығына (DIFC) барады. Сондай-ақ, Президент Біріккен Араб Әмірліктеріндегі компаниялардың басшыларымен кездеседі.

Бүгінгі кездесуге араб тарапынан 80-ге тарта бизнесмен қатысты.


Соңғы жаңалықтар