БАӘ-ге контрабандалық жолмен 84 млн теңгенің алтынын алып өтпек болғандар ұсталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік жөніндегі бөлімшелері Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне бағалы металдарды заңсыз әкетуді жүзеге асырмақ болған қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласының халықаралық әуежайында Көліктегі полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкеріне кедендік және шекаралық бақылау аймағы арқылы «сәлемдемені» алып өтуі үшін 600 АҚШ доллары сомасында пара беру әрекеті кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды.

Жеке тексеру барысында одан 1 200 АҚШ доллары тәркіленді. Жедел іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде әуежай ғимаратында ҚХР азаматы ұсталды, ол күдіктінің сыбайласы бола отырып, алтынды әуе рейсі арқылы Алматыдан Дубайға жеткізуі керек болған. Оның сөмкесінен полиция қызметкерлері салмағы 3,2 кг болатын алтын құймаларын тапты. Құны шамамен 84 млн теңгеден асады.

Тергеу сотының санкциясымен қазақстандық күдіктінің тұрғылықты жері бойынша Алматыдағы коттедждердің бірінде тінту жүргізілді. Онда құймалардағы алтын мен металдың мөлшерін анықтайтын электрондық таразы және арнайы құрылғылар тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеушілер қымбат металдың шығу көзін және қылмыстық топтың басқа да сыбайластарын анықтауға кірісті.







Фото: polisia.kz

Соңғы жаңалықтар