БАӘ-де қазақстандық қой етіне сұраныс жоғары

None
None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат БАӘ-дегі Қазақстан Елшілігі Әмірліктер нарығында отандық өнімдерді жылжытуда дипломатиялық демеу беруді жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыдан бір ай бұрын, «Aтамекен» ҰКП отандық кәсіпкерлерлік қоғамдастықтығы мен Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшілігінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде Әмірліктерде кеңінен таралған «LuLu» сауда желісінің сөрелерінде қазақстандық ет пайда болғаны жайлы хабарланған болатын. Сондай-ақ, екі ел арасында басқа да сауда және экспорттық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы да сөз болған.

Осы мақсатта Әмірліктердегі дипломатиялық өкілдік Қазақстаннан әкелінген қой етіне деген тұтынушылық сұранысты тұрақты түрде зерделеп, бақылап отырады.

Түрлі елдерден ет өнімдері кеңінен ұсынылған Шарджа әмірлігіндегі әйгілі Әл-Джубейл (Souq Al Jubail) сауда нарығына барған кезде, жергілікті сатып алушылармен әңгімелесудің сәті түсті. Солардың бірі -Ахмед мырза және оның ұлы Адхам ет таңдауда қазақстандық етке неліктен басымдылық беретіндігі жайлы және қандай негіздеме бар екендігін айтып берді.

«Қазақстандық ет, атап айтқанда, қой еті бұл жерде өте жақсы бағамен сатылады. Ет өте жұмсақ, иісі жоқ, тез піседі. Бұл мал жейтін шөпке байланысты. Қазақстандық қойлар ешбір химикатсыз таза шөпті тұтынады деп ойлаймын. Сондықтан біз Қазақстаннан әкелінген етті сатып аламыз», - деп бөлісті өз ойымен Адхам. «Химиялық заттар қосылатын, сапасыз шөп немесе жемді тұтынатын малдың басқа жерлерден жеткізілетін етіне келер болсақ, бұл ет дәміне және оны пісіру уақытына қалай әсер ететіндігін бірден байқауға болады. Біз сапасыз етке тап болған кездер де болды, ал қазір біз ажырата аламыз.

Оған қоса, әкем мен ағам кезінде қасапшы болған. Сондықтан етті қалай дұрыс таңдау керектігі жайлы тәжірибеміз де бар. Ет бизнесінде тәжірибеңіз болса, әрине, ет туралы және оның қай жерден әкелінгені жайлы білуге тырысасыз, дегенмен, тұтынушылардың көпшілігі бұл туралы сұрай бермейді. Осы себепті біз қазір Қазақстаннан әкелінетін ет өнімдерін таңдаймыз. Біз оны бірінші рет жеп көрген сәттен бастап өз таңдауымызды жасадық».

Адхамның әкесі Ахмед мырзаның айтуынша, қазақстандық етті сатып алуының өзіндік себебі бар. «Біз өзіміз мысырлық болғандықтан, қазақстандық қой етінің мысырлық қой етімен ұқсастығын бірден байқадық. Біз бір кездері бұл етті алғаш сатып алғанда, өте дәмді болар деген үмітпен алып көрдік, барлығы де дәл солай болып шықты»,- дейді ризалық сезіммен.

«Әл-Джубейл» базарына қой етін «Bio Agro Meat Trading» қазақстандық компаниясы жеткізеді, жыл басынан бастап компания БАӘ-ге 30 тоннадан астам салқындатылған ет экспорттаған.

Компанияның басшысы Әлімжан Әлімбетов атап өткендей, етті әкелмек бұрын бірқатар сертификаттау рәсімдерінен өту қажет болған. БАӘ-дегі стандарттау саласындағы нормаларға және белгіленген тәртіпке сәйкес, реттеуші органдардың өкілдері Қазақстанға ет өңдеу зауытына тікелей барып, бағалауын жасап, кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдарын берді. Содан кейін олар комбинатқа қайта келіп, түзетулерді бекітті.

«Санитарлық және басқа стандарттарға сәйкестікті белгілегеннен кейін, біздің компанияға Әмірліктерге қой етін жеткізуге рұқсат берілді. Біз барлығын тиісті жолмен жасауға барлық күш-жігерімізді салдық, содан кейін ешқандай мәселелер туындамады», - деп өз тәжірибесімен бөлісті кәсіпкер. Сондай-ақ, ол: «Біз барлық бағыттар бойынша бір уақытта және жан-жақты жұмыс жасағанымыздың бізге үлкен пайдасы тиді. Мысалы, біз ет өңдеу комбинатымыздың материалдық базасына нақты қаржы құйған Әмірлік серіктестерді таптық, яғни, олар БАӘ-де қазақстандық ет сатылымының келешегі мен кірістілігін көре біліп, инвестиция салды. Бірден өткізу нарығын ойластырдық. Өніміміздің ветеринарлық-санитарлық нормаларын көтердік. Логистика және жеткізу мәселесін шештік».

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық экспортты жылжытуға жәрдемдесу -- ҚР Сыртқы істер министрлігінің экономикалық дипломатияны жүзеге асыру шеңберіндегі маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшісі Мадияр Меңілбеков бұдан бұрын атап өткендей, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің жұмысындағы маңызды міндеті қазақстандық кәсіпорындар өнімдерін сыртқы нарықтарға жылжыту болып табылады: «Біздің Елшілік БАӘ нарығының ерекшеліктерін және реттеу шарттарын ескере отырып, азық-түлік өнімдерін қоса алғандағы қазақстандық тауарларды экспорттаушыларға қолдау көрсету және дипломатиялық көмек көрсету үшін бар әлеуетін пайдалануға және барынша арттыруға бар ынтасын салады».

Елші М.Меңілбековтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жақында өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығына және шетелдік инвестицияларды тартуға ерекше назар аударды.

«Әмірліктер бизнесі қазақстандық аграрлық секторда қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр, ал біз өз тарапымыздан бұны назарымызда ұстаудамыз. Менің ойымша, біз дипломатияның экономикалық бағытының екі жағын да қамти аламыз, яғни, қазақстандық экспортты қолдау арқылы біз шетелдік инвестицияны тартуға да ынталандырамыз. Егер шетелдік кәсіпкерлер өздері өндірістік қуаттарға ие болса немесе олардың үлесі болса, онда Әмірліктердің өзін алар болсақ, оларға импорттау өзіндік құны бойынша арзанға түседі, ал бәсекелестік артықшылықтарына байланысты айналымды арттыра алатын болады. Сәйкесінше, қазақстандық бизнес үшін де бұл тиімді. Бұл -- екі тараптың ынтымақтастығы. Біздің мақсат осындай» - деп атап өтті ол.

Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің басшысы сондай-ақ, Әмірліктер өз аумағында азық-түлік тауарларын сату үшін қолайлы жағдайлар жасағандығына тоқталды. «Әрине, бірінші кезекте сапа талаптары және стандарттарға сәйкестік мәселесі тұрады. Оған қоса шынайы бәсекелестік жағдай жасалған және сапалы өнімдерді жеткізе алатындар ешбір кедергісіз оны сата алуға мүмкіндіктері бар. Нарық бәріне ашық, ал біз, өз тарапымыздан, оны растай аламыз» - деп бөлісті М.Меңілбеков.

Әмірліктер тарапынан Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық БАӘ Премьер-министрінің орынбасары – БАӘ Президенті істері жөніндегі министрі Шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянның тұрақты назарында екендігін атап өткен жөн. Бұл екі елдің бизнесі арасындағы экспорт-импорттық қатынастардың дамуын айтарлықтай дәрежеде ынталандырады.

БАӘ-нің ТМД елдерімен халықаралық байланысы бойынша үйлестірушісі, доктор Мұхаммад Арика мырзаның айтуынша, Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы ауыл шаруашылығы және, атап айтқанда, азық-түлік өнімдері саласындағы ынтымақтастық әлеуеті өте перспективалы болып табылады.

«Қазақстан ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында бірқатар маңызды бәсекелестік артықшылықтарға ие. Сіздердің артықшылығыңыз - өндірістің табиғи жағдайлары және өнімнің экологиялық тазалығының жоғары дәрежесі», - деп бөлісті өз ойымен М.Арики. – «Егер қазақстандық өндірушілердің аграрлық ресурстарын техникалық және инновациялық тұрғыдан көтерсе және БАӘ стандарттарымен қатар болуын қамтамасыз етсе, БАӘ-нің азық-түлікпен қамту саласындағы стратегиялық мақсаттары шеңберінде және қысқа және ұзақ мерзімді перспективада тұтынудың артуы болжамын ескере отырып, тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға болады. БАӘ-ге ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктердің сапалы импортын қамтамасыз ету үшін БАӘ бизнесі Қазақстанның аграрлық секторына инвестиция салуға дайын болады деген сенімдемін. Қазақстаннан экспорттауға деген қызығушылық Қазақстанға нақты инвестициялық салымдарды қамтамасыз етуі мүмкін», - деп тұжырымдады БАӘ өкілі.

Қазақстандық ет өнімдері Әмірліктер тұтынушыларының көңілінен шығуда. Біз осы экспорттық бағыттың әр түрлі аспектілерінің дамуы туралы жұртшылықты хабардар етуді жалғастырмақпыз.

Соңғы жаңалықтар