Б.Жоламанова: Сүйікті ісіңнің тереңіне бойлаған сайын қызығы да, шыжығы да молая түседі

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Қиындықтарға мойымай, тек ілгері басу. Бұл - ақмолалық Баян Жоламанованың өмірлік ұстанымы. Ол еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында биік белестерге қол жеткізіп отыр.

Бүгінде іскер әйел Ақмола облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінде Қаржы басқармасы басшысы қызметін атқарып жүр. Өз ісіне шебер жанның жеткен жетістігі мен алған асуы кейінгі ұрпаққа үлгі болардай. 20 жылдан астам бір салада тапжылмастан істеген еңбегінің арқасында ол экономика, қаржы және бухгалтерлік салаларда мол тәжірибе жинақтаған. Сол себепті, ұжымда да сыйлы. Иық тірестіріп бірге қызмет істеп жүрген әріптестері мен құрбылары Баян Жоламанованы "білікті басшысы әрі өз ісінің майталман шебері" дейді.

"Сүйікті ісіңнің тереңіне бойлаған сайын қызығы да, шыжығы да молая түседі. Бұл кызметке ең басты керегі - төзім, сауаттылық. Шыдамдылыққа үйретеді. Жауапты жұмыс болғандықтан, басшылардың берген тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға тырысамын. Қарамағымдағылардан да осыны талап етемін. Бұл менің жауапкершілігімнің белгісі", - дейді Б. Жоламанова.

Ол сондай-ақ өзінен ақыл-кеңес сұрап келген жастар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созудан жалыққан емес. Өзі сияқты нәзік жандылар оның қиындықтарға мойымайтын қасиетін, еңбекке деген құлшынысын үлгі тұтуда. Қазіргі кезде ол басқарып отырған басқарма аймақтық Төтенше жағдайлар департаментінің қаржылық операцияларын жүзеге асырады. Сондықтан оған басшы ретінде үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Әйел - ана, шаңырақтың ұйытқысы десек, бүгінгі таңда Баян Жоламанова отағасы мен балаларының да бабын тауып, ісінің де берекесін келтіріп жүрген жайы бар. Дана халқымыз «Әйел - ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі», деп бекер айтпаса керек. Оған Баян Қаратайқызының тірлігі айқын дәлел.

Соңғы жаңалықтар