Б.Сапарбаев жасөспірімдер суицидінің және балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу мәселелері жөнінде кеңес өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев суицидтің және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың алдын алу мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады ҚР Үкіметі басшысының ресми порталы.

«Мемлекет басшысы жасөспірімдер суицидінің және балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу жөнінде тиісті шаралар алуды тапсырды. Сондықтан да бұл бағыттағы біздің жұмысымызды қайта қарап, жандандыра түсуіміз қажет», - деді Б.Сапарбаев.

Вице-премьер бұл саладағы негізгі проблемалардың ішінде мемлекеттік органдардың жолға қойылған жүйелі жұмысының жоқтығын, психологиялық көмек қызметтерінің сылбыр жұмысын, мектептер басшылығының, ата-аналар комитеттерінің және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімдердің өзара іс-қимылының жеткіліксіз деңгейін, кәмелетке толмағандар мен жастарды дене шынықтыру мен спортқа тартудың төмен деңгейін бөліп көрсетті.

«Талдау көрсетіп отырғандай, бақытсыздық жағдайларының пайда болуы себептерінің бірі ата-аналар тарапынан балаларына қараудың жеткізіліксіз болып отырғандығында. Сондықтан да ересектер өз балаларына тиісті көңіл бөлулері тиіс», - деп атап көрсетті Б.Сапарбаев.

Кеңес барысында талқыланып отырған тақырып бойынша Бас прокуратураның, Білім және ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ішкі істер, әділет, инвестициялар және даму министрліктерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері баяндамалар жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша, вице-премьер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, ДСӘДМ-не кәмелеттік жасқа жетпегендер мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша 2015-2020 жылдарға арналған қосымша ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар кешенін әзірлеу, БҒМ, ІІМ-мен бірігіп суицидке бару қаупі бар кәмелеттік жасқа жетпеген жасөспірімдерге көмек көрсету алгоритмін жасап, бекіту қажет.

БҒМ-ға ЮНИСЕФ-тің көмегімен суицид қаупі мен денсаулықтағы психикалық проблемаларды анықтау үшін әдістемелік құрал мен сауалнаманы жасап шығару тапсырылды.

ІІМ жыныстық-зорлық-зомбылық әрекеттері үшін сотталған адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды енгізу, сондай-ақ қоғамға жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдар, олардың тұрғылықты жері туралы ақпараттандыру жөніндегі Жалпыұлттық мәліметтер базасын құру бойынша ұсыныстар жасау қажет.

ИДМ-не қатыгездік, зорлық және кәмелеттік жасқа жетпегендердің психологиялық-эмоциялық жағдайына әсер ететін өзге де келеңсіз әрекеттерді насихаттайтын сайттардың мониторингін жасап, сондай-ақ Ғаламторда құқыққа қарсы контенттің таратылуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктері мектептерді психологтармен, әлеуметтік педагогтармен, медициналық қызметкерлермен және мектеп инспекторларымен толық жасақтаулары қажет.

Соңғы жаңалықтар