+7 (701) 759 90 19
USD 385.76 EUR 427.89
RUB 6.04 CNY 54.79
Jańalyqtar

Б.Сағынтаев - теңге бағамы, Қазақстан өсімінің драйвері, ЕАЭО жайында

2015 жылғы 23 желтоқсан 23:35
Бөлісіңіз:
Б.Сағынтаев  - теңге бағамы, Қазақстан өсімінің драйвері, ЕАЭО жайында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің ТАСС агенттігіне сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев теңге бағамы, Қазақстан экономикасы өсімінің драйвері және ЕАЭО аясындағы интеграция нәтижелері жайында тарқата айтып берді.

Биылғы жылы сыртқы ахуалдың нашарлап кетуіне қарамастан Қазақстан оның өз экономикасына теріс әсерлерінің «тігісін» жатқыза алды. Мұндай пікірді ТАСС агенттігіне берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев білдірді.

«Жедел қабылданған шаралар ағымдағы жылы экономика өсімі қарқынының айтарлықтай төмендеуіне жол берген жоқ. Іскерлік белсенділікті, ең алдымен шағын және орта бизнес саласын ынталандыра түсті», - дейді ол.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, биыл монополияға қарсы саясат және бәсекелестік, әкімшілік реттеу және сауда тосқауылдарын төмендету сынды салаларда барынша ілгерілеушілікке қол жеткізілген.

- Бақытжан Әбдірұлы, Сіз Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция нәтижелерін қалай бағалар едіңіз? Ол Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

- Шындығында Еуразиялық интеграцияның бас сәулетшісі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені мәлім. Бұдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында ол мемлекеттің ішкі ісіне араласпастан өзгеріске ұшырауы мүмкін геосаяси шынайылыққа сай келетін экономикалық өзара іс-қимылдың түбегейлі жаңа механизмдерін ұсынған болатын.

Нәтижесінде үш мемлекет Қазақстан, Беларусь және Ресей Кедендік одақ құрды. Кейіннен біз жаңа сатыға көтерілдік, бір жылға жуық уақыттан бері Еуразиялық экономикалық одақ өз қызметін атқаруда. Осы мерзім ішінде біздің бірлестікке Армения мен Қырғызстан да қосылды.

Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық әлеуеті әр қатысушы үшін ерекше қызығушылық тудыратыны белгілі. 182,3 млн адамнан тұратын нарық одақтас елдер кәсіпкерлерінің қызығушылығын тудырып қана қоймай, үшінші елдің де әлеуетті инвесторларының назарын аудартып отыр.

ЕАЭО елдерінің жиынтық сыртқы сауда айналымы 1 трлн. теңгені құрайтындығын атап өтейін. Қазақстан үшін елеулі фактор - бірыңғай экономикалық аумақ құру. Бұл біздерге ішкі нарық көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді. Кеден одағы құрылғаннан бері Қазақстанның серіктестермен жылдық тауар айналымы 1,6 есе, 2009 жылғы 13 млрд. доллардан 2014 жылы 21 млрд. долларға дейін жетті. Экспорт көлемі де айтарлықтай өсті - 80 пайыз. Ал Кеден одағы елдеріне қазақстандық экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлар үлесі 45-тен 58 пайызға дейін артты.

Бұған дейін ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру есебінен инвестициялық тартымдылықтың арта түскендігін айтқаным тосыннан емес. Статистика Кеден одағы жұмыс істей бастаған сәттен өңдеу өнеркәсібіндегі тікелей шетел инвестициясының көлемі бұған дейінгі 5 жылдық кезеңмен салыстырғанда үш есе ұлғайғанын көрсетіп отыр. Егер ақшалай мәнде айтар болсақ, онда 6 млрд. доллардан 18 млрд. долларға дейін артты. Бұл кешенді іс-шаралардың, оның ішінде мемлекетішілік даму бағдарламаларын жүзеге асырудың нәтижесі екендігі сөзсіз. Өкінішке орай, ағымдағы жылдың қорытындысында көптеген параметрлер, оның ішінде өзара сауда-саттықтың да цифрлары бірқатар объективті себептерге байланысты мүлдем басқаша болады. Ең алдымен біздің экспорттық тауарларымыз әлемдік баға конъюктурасына және әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздықтарға байланысты.

Бұған қоса, ЕАЭО форматы Қазақстан үшін жаңа мүкіншіліктер де ашады. Құрлықтық тұйықталған мемлекет ретінде біздер жүк тасымалына арналған инфрақұрылымдар мен тарифтерге қолжетімділікке мүдделіміз. Бұл біздің өндірушілеріміз үшін көліктік шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді. Одақ жұмыс істей бастаған сәттен Қазақстаннан Ресейдің теңіз порттары арқылы Еуропаға жүктерді тасымалдау барысында жекелеген есептеулер бойынша ішкі ресейлік темір жол тарифтерін қолдану біздің жүк жөнелтушілерімізге жыл сайын 240 млн. доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, еуразиялық экономикалық интеграцияны кезең-кезеңімен дамыту бойынша қол жеткізілген уағдаластық біздердің бірлестігімізден негізгі позитивті тиімділікті болашақта күту қажеттігін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін түрлі салада ортақ нарық қалыптасатын болады. Мәселен, газ, мұнай және мұнай өнімдері саласында өзара сауда-саттықта экспорттық кеден салықтары мен шектеулерді алып тастау қарастырылған. 2025 жылға қарай нарық қатысушыларына газ тасымалы инфрақұрылымында және мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесінде тең дәрежелі қолжетімділік беріледі.

Ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыру 2019 жылға жоспарланып отыр. Қазақстан үшін бұл барынша маңызды. Өйткені, бұл электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіру 6 млрд. киловатт/сағаттан асып жығылады. Бұл жыл сайын қосымша 300 млн. долларға дейін табыс табуға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, біз ресейлік желі арқылы батыс өңірімізді солтүстік өңірлердің электр энергиясымен қамтамасыз ете аламыз.

Келесі жылы халықаралық GMP стандартты негізінде дәрі-дәрмектердің ортақ нарығын қалыптастыру жоспарлануда. Ол нарыққа қатысушы елдердің дәрі-дәрмектерінің келесі елге еш кедергісіз өтуіне септігін тигізетін болады. Қазақстандық бизнес есептеулеріне сәйкес, бұл отандық дәрі-дәрмек экспортын жылына 360 млн. долларға арттыратын болады.

- ЕАЭО-дағы ішкі бәсекелестік шиеленісе түсті деп айтуға бола ма?

- Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарында бірыңғай кедендік аумақ құрылуымен байланысты бәсекелестік бар екендігі сөзсіз. Дегенмен, меніңше, біздің салаларымызды дамыту үшін бұл барынша оң фактор сияқты. Бәсекелестіктің күшейе түсуі тауар сату нарығының дамуына, олардың сапасының артуына өз септігін тигізеді. Бұл сонымен қатар отандық бизнесті жаңа инновациялық шешімдер мен технологияларды қолдануға ынталандыра түседі. Біз бір-бірімізден үйреніп, үздік тәжірибе мен технологияларды қолданамыз. Бірлескен жобалар, өндірістік кооперациялар жайында уағдаласамыз.

Түптеп келгенде, біздің интеграциялық процестерге қатысудағы негізгі мақсатымыз - бір-бірімізбен бәсекелес болу емес, қайта бірлескен күш-жігерімізбен әлемдік нарықта өз орнымызды табу үшін өзіндік бәсекеге қабілеттімізді арттыру емес пе?! Сондықтан да қазіргі уақытта біздер серіктестерімізбен бірлесіп, халықаралық іс-қимыл мәселелерін қарастырудамыз. Түрлі мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктер біздің экономикалық одақпен алуан форматта, сауда-экономикалық байланыстардан бастап еркін сауда аймағын құруға дейін ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.

Біз әлемдік экономикадағы күрделі жағдайды, сонымен қатар экономикалық өсім қарқынының баяулауын ескере отырып, жаңа перспективалы нарықтарға мүдделіміз. ЕАЭО-мен халықаралық ынтымақтастық бойынша 8 басымдықты бағыт пысықталу үстінде. Олардың қатарында Еуропалық одақ ТМД Азия-Тынық мұхиты өңірі, Таяу Шығыс, Қара теңіз бен Каспий маңы өңірі, Солтүстік және Латын Америкасы, Африка бар.

Біздер Мемлекет басшылары деңгейінде Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңеске берілген тапсырмаға сәйкес Еуразиялық интеграциялық үдерісті қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен түйіндестіру бағытындағы жұмыстарды жүргізудеміз. Қазіргі уақытта Иранмен, Израильмен, Үндістан және Мысырмен еркін сауда аймағын құру тиімділігін зерделеу бойынша бірлескен зерттеу тобы құрылды. Толықтай алғанда, ЕАЭО-мен ынтымақастыққа 30-дан астам ел қызығушылық танытуда. Бұл біздің бірлестіктің беделін білдіреді.

- Жаңа нарықтық жағдайға валюталық және қаржы-экономикалық жүйенің бейімделуі аяқталды ма? Ағымдағы жылғы рубльдің жағдайы қазақстандық-ресейлік сауда-саттыққа қалай әсер етті?

- Өзіңіз де білетіндей, 2015 жылдың 20 тамызынан бастап Қазақстан валюта дәлізін алып тастап, ұлттық валютаның еркін айырбас бағамына көшу арқылы инфляциялық таргеттеу режіміне негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыруға кірісті. Осылайша, Қазақстанда айырбас бағамы іргелі ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторлар ескеріліп, нарықтық сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастырылады. Дегенмен, Ұлттық банк сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы мен іргелі факторлардың әрекетін қамтымайтын бағамның күрт ауытқуына ықпал ету мүмкіндігін сақтап қалады. Сонымен қатар теңге айырбас бағамының мұнан арғы серпіні негізінен әлемдік қаржы және тауар нарығындағы баға ахуалы серпінімен айқындалатын факторлардың әсірінен қалыптастырылады деп болжануда. 2014 жылдың соңы мен 2015 жылдың басында рубльдің құнсыздануына байланысты Ресеймен арадағы тауар айналымының құрылымында белгілі бір өзгерістер байқалды. Бұл бірінші кезекте біздерге автомобиль әкелуге қатысты болды. Бірақ қазіргі уақытта біз сауданың теңескенін байқаймыз. Оған рубльдің теңгеге қатысты тепе-теңдігінің қалпына келуі себеп болды. Қазіргі уақытта біздің өзара сауда-саттығымызға айтарлықтай ықпал етіп отырған келесі фактор - бұл Қазақстанда да, Ресейде де негізгі экспорттық тауарлар позициясы құнының төмендеуі. Осы себептермен 9 айдағы Ресеймен тауар айналым төрттен бірге, 11 млрд. долларға дейін қысқарды. Сондықтан да біздің Қазақстандағы, меніңше, Ресейдегі де күш-жігеріміз, ең алдымен, экономиканы әртараптандыруға бағытталған.

- Шикізат нарығындағы құлдырауға қарамастан Қазақстан экономикасы әлі де болса өсім аймағында тұр. Оның басты драйверінде не тұр?

- Шындығында да осы жылдың басынан Қазақстан әлемдік экономика өсімінің баяулауы жағдайында дамуда. Бұған дейін атап өткенімдей, Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының бағасы да, сұраныс та төмендеуде. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шаралар мен 2015-2016 жылдарға арналған Үкіметтің жедел шаралар жоспарының қабылдануының арқасында біз «минусқа» кетпедік, 10 айдағы Қазақстан экономикасының өсімі 1 пайызды құрады. Бірінші кезекте мемлекеттік бағдарламалардың аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,8 пайызға өсті. Ал тау-кен секторындағы өндіріс көлемінің құлдырауына байланысты өнеркәсіп өндірісі 1,3 пайызға кемісе, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 0,5 пайызды құрады. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығында, құрылыста, саудада, көлік пен байланыста та өсім байқалады. Газ саласында оң серпінді атап өткім келеді. 2015 жылдың 10 айында газ өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артып, 37 млрд. текше метрді құрады. Бұған қоса, жыл соңында дейін жоспарланған газ өндіру көлемі 43,8 млрд. текше метрге тең. Газ экспортында да өсім байқалады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өсіп, 10 млрд. текше метрге жетті.

- Ел экономикасын ДСҰ-ға кіруге дайындап үлгере алдыңыздар ма?

- 2015 жылдың 1 желтоқсанынан Қазақстан ДСҰ-ның ресми 162-ші мүшесіне айналды. Бұған қоса, біздер оған дейін де ДСҰ жағдайында өмір сүре бастаған едік. Өйткені, Ресей Федерациясы ЕАЭО бойынша біздің серіктесіміз бола отырып, 2012 жылы ДСҰ-ға кірген болатын. Соңғы 10 жыл бойы біздің елімізде ұлттық заңнаманы халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Қазақстан ДСҰ-ға кірген сәтте Кеден одағы аясында қабылданған 50-ден астам заңнамалық акті мен 10 келісім сыртқы сауда саласына қатысты болатын.

Осылайша, Қазақстан соңғы бірнеше жыл бойы ДСҰ жағдайында және оның талаптары мен міндеттемелерін сақтай отырып жұмыс істеді десек те болады. Дегенмен ендігі уақытта біздерде міндеттемелерімізден бөлек ұйымның мүшесі ретінде құқығымыз да пайда болды.

- Өтіп бара жатқан жылдағы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты нәтижелер мен басты сын-қатерлер ретінде нені айта алар едіңіз?

- Бұған дейін атап өткенімдей, Қазақстан экономикасы жыл басынан бері қиын жағдайда даму үстінде. Біз мұнай мен металдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне, Қазақстанның негізгі сауда серіктестері, ең алдымен Ресей мен Қытайдағы экономика өсімінің баяулауына, еуропалық экономиканың тежелуі мен тұрақсыздығына куә болып отырмыз. Еуропалық көші-қон дағдарысымен және Таяу Шығыстағы тұрақсыз ахуалмен байланысты жаңа геосаяси тәуекелдер туындауда. Бұл сын-қатерлерге байланысты жайттар.

Енді позитивті жайттарға тоқталып өтсем. Өзіміз де көріп отырғандай, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен 2015-2016 жылдарға арналған үкіметтің жедел шаралары жоспарын жүзеге асыру өзінің оң нәтижелерін беруде. Ағымдағы жылы Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісіндегі ұстанымын айтарлықтай жақсартып, 189 әлем экономикаларының арасында 41-ші орынға тұрақтады. Қазақстан барынша көп реформаны жүзеге асырған мемлекет ретінде аталып өтілді. 9 бағыттың 7-еуінде 19 реформа жүргізді.

Бүгінгі күні Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, экономикалық өсім үшін негіз болатын заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге қол жеткізу мен болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет құру сынды 5 негізгі институттық реформаларды жүзеге асыруға көшеді.

Аталған реформаларды жүзеге асырудың нақты 100 қадамы белгіленді. Бұл қадамдарды өмірде жүзеге асыру үшін Қазақстан Президенті қазірдің өзінде әзірленген заңнама топтамаларына қол қойды. Олар 59 заң. Бұл реформаларға біз келесі жылдан бастап кірісеміз. Дәл осылар біздің еліміздің болашағын айқындайды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT