Б.Сағынтаев пен Д.Рогозин «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысын қорытындылады (ФОТО)

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық және ресейлік тараптардың ҮАК басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыста «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысы қорытындыланды.

ҮАК жұмыс топтары басшыларының есептерін тыңдап өткен Қазақстанның бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаев пен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин тараптардың сарапшылары үлкен жұмыс атқарғанын, барлық дерлік мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті.

ҮАК-ның күн тәртібінде «Байқоңыр» ғарыш кешенінің жалға берілу жағдайында жұмыс істеуі бойынша оннан астам маңызды мәселе қозғалды. Атап айтқанда, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 2026 жылға дейін «Протон» зымырандарын ұшыру санын төмендету туралы келісімдер бар, Байқоңыр қаласының мектебін қазақ тілінде оқытумен қазақстандық стандартқа көшіру шешімі қабылданды. «Отырыстың соңғы хаттамасына әлі қол қойылмады, өйткені кейбір мәселелер бұдан да егжей-тегжейлі өңдеуді талап етеді», - деп хабарланды комиссияның хатшылығынан. Пленарлық отырыс кезінде Д.Рогозин Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ғарыш кемесін көрген кездегі әсерімен бөлісті. «Байқоңыр - киелі жер, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы. Осындағыдай ынтымақтастық әлемнің ешбір жерінде жоқ және біздің елдеріміз адамдардың ортақ мүддесіне жасалған бұл ынтымақтастықты бағалайды», - деді ол. Б.Сағынтаев ресейліктерді Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) кезекті рет жасалған экспедицияның табысты іске қосылуымен құттықтап, Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі бұдан да тиімді ынтымақтастығының қажеттілігін атап өтті. Тең төрағалар комиссияның барлық мүшелерінің алдында Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының екі елдің мүддесі үшін жұмысын реттейтін басты орган болып табылатын «Байқоңыр» кешені жөніндегі қазақстандық-ресейлік үкіметаралық комиссияның Ережесіне қол қойды. ҮАК-ның «Байқоңыр» кешені бойынша жұмысынан басқа Бақытжан Сағынтаев пен Дмитрий Рогозин жеке жұмыс кездесулері мен сапарларын өткізді. Қазақстандық бірінші вице-премьер Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевпен бірге Байқоңырға іргелес жатқан Төретам және Ақай кенттеріндегі бірқатар әлеуметтік нысандарға барып, сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы автоматты газ үлестіру стансасының ашылуына қатысты. Ал Ресей вице-премьері ресейлік ғарыш кәсіпорындарының басшыларымен басқарылатын ғарышкерлікті дамыту болашағы мен РФ-ның 2020 жылға дейін ХҒС бағдарламасына қатысуы бойынша кеңес өткізді.

Соңғы жаңалықтар