Б. Сағынтаев мемлекеттік қаражат есебінен тұрғын үйдің жоспарланған көлемін өз уақытында бітіруді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев тұрғын құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы, депутаттық корпус, «Бәйтерек» холдингі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

2015 жылы қаржыландырудың барлық көздерінің есебінен тұрғын үйдің жалпы 7,1 млн. шаршы метрін тапсыру қарастырылған. 7 млн. шаршы метр пайдалануға берілді.

Тұрғын құрылысына 586,6 млрд. теңге инвестиция бағытталды.

Республикалық бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен атап өткенде, жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрған азаматтары үшін арендалық үйді салу (ағымдағы жылдың басынан бері 86 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді), жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы (57,4 мың шаршы метр), тұрғынқұрылысжинақтары жүйесі арқылы несиелік баспананы салу (118,4 мың шаршы метр), «Қазақстандық ипотекалық компания» ИҰ» АҚ-ның желісі бойынша тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайтуға «Нұрлы Жол» бағдарламасы да бағытталып отыр. 2015-2016 жж. Ұлттық қордан тұрғын үй құрылысын қосымша қаражаттандыруға және қажетті инженерлік инфрақұрылымды салуға 180 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне мемлекеттік қаражат есебінен 2015 жылы тұрғын үйдің жоспарланған көлемінің тапсырылуын қамтамасыз етіп, салынған және сатып алынған пәтерлерді алуға кезекте тұрғандардың тізімдерін уақтылы әзірлеуді, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы нысандарына қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жеткізілуін жылдамдатуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар