Азын-аулақ қаражатты қайда салуға болады – қаржы консультантымен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аңдаусызда дағдарысқа тап болмау үшін жинаған азын-аулақ қаражатыңызды қайда салуға болады және қандай валютамен сақтаған жөн? Осы және өзге де сұрақтарға ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген қаржы консультанты әрі инвестор Әлібек Жалғасбаев егжей-тегжейлі жауап берді.

- Қазіргі уақытта нарықтың тұрақсыз екендігі белгілі. Осынау тұрақсыздықты қалай бағалайсыз және алдағы 1-2 жылға қандай болжам жасайсыз?

- Кез келген болжам қанша жерден кәсіби маман болсаңызда да, 50/50 ықтималдықпен шындыққа айналады. Егер нарықты қысқа ғана мерзімнің ішінде болжау мүмкін болса, онда көп адам өте жылдам байып шыға келер еді. Тіпті, ықтималдық 55/45 арақатынасында болған күннің өзінде ұтылыстан гөрі ұтыс мүмкіндігі жоғары. Мұны ешкім де жасай алмайды. Болжам жасаудың қажеті жоқ, тек түрлі сценарийге дайын болған жөн. Бұл - инвестиция салуды енді бастаған немесе аздаған әлде біршама тәжірибесі бар адамға кеңес. Қазіргідей жағдай, яғни пандемия барынша жиі болады. Орташа есеппен әрбір 7 жылдың төңірегінде қайталанып тұрады. Бірақ, әр уақытта да жаңалық ақырзаман келгендей құбылады. Нарықтан ештеңе жоғалмайды, тек тұрақсыз компаниялар кетеді. 2018 жылға дейін бәрі криптовалюта жайында айтты. Ал, коронавирус пандемиясы келгеннен кейін, 2021 жылдан бастап «Тесла», америкалық нарық және басқалары жайында айта бастады. Демек, хайп жасалып, көпіршік жарылады және де бұл қалыпты дүние. Уақыт өзгереді әрі мұндай уақытта нарықтан біліксіздер кетеді.

Белгілі бір оқиғаға дайын болу үшін не істеу керек? Әртараптану қажет. Ақшаның барлығын бірден бір ғана бағытқа не бір ғана акцияға салмаған жөн. Айталық, сізде акция портфелі - 25, алтын – 25, облигация – 25 және тағы бір бағытта 25 пайыз бар делік. Демек, сіз бір акцияға ғана байланып отырған жоқсыз. Әдетте, бір бағыт құлдырағанда екіншісі өсе бастайды. Мысалы, соғыстың кесірінен, алтын, мұнай, күміс түріндегі шикізат, жылжымайтын мүлік бағасы көтеріліп кетті. Қазір қымбаттап жатқанның бәрін инфляциядан қорғаныс деуге болады, яғни инфляция туындағанда шикізат сатып аламыз, содан тауар қымбаттай түседі. Экономика жолға түсіп, жоғары көтеріле бастағанда акциялар сатып аламыз. Технология дамығанда криптовалюта сатып алуға ден қоямыз. Ендеше, бұл - күйреу, рецессия немесе қандай да бір үлкен дағдарыс емес. Бұл - нарықты қайта теңгеру және табысты компанияларды ғана қалдыру үшін уақытымен жүруі тиіс оқиға десек болады. Әртараптандыру бізді қорғайды әрі барынша жақсы табыс әкеледі. Ал, ұзақмерзімді келешекте бұл мол кіріске айналады. Егер сіз табысты компаниялардың бағасының құлдырағанын байқасаңыз әрі акцияларын төмен бағамен сатып алсаңыз - өте тиімді.

- Биткоин не болып жатыр? Құны әлі құлдырап келе ме?

- Биткоин пайда болған сәттен бергі жайт әлі де қайталанып келеді. Әр уақытта да ол шырқау шегіне жеткеннен кейін 70 пайызға дейін құлайды. Алғаш рет мұндай жайт биткоин шамамен 10-20 доллар тұрған кезде болды. Сол кезде 6 долларға дейін құнын жоғалтты-ау деймін. Келесі жолы ол 1 мың долларға дейін көтеріліп, 400 долларға, одан соң 19 мың доллардан 3 мың долларға құлдырап кетті. Бұл - санмен алғанда өте үлкен құлдырау саналады. Қазір ол 60 мың доллардан 18 мыңға дейін құлады. Осындай жайт болып жатыр және бұл биткоинның нашарлығынан емес. Адамдарда қорқыныш пайда болды және олар сата бастады. Бойыңызды қорқыныш билегенде одан құтылып, қарақұмық пен дәретхана қағазын сатып алғыңыз келеді.

- Қазақстан үшін цифрлық теңге енгізу нені білдіреді?

- Бұл мәселе әлі де дамытылып жатыр. Бірақ, сіз неліктен Kaspi-ге көшкеніміз жайлы ойланып та көрген жоқсыз. Ертеректе қағаз ақшамен, тиынмен төлем жасайтынбыз. Ал, қазір дүкендерде артық төлеген ақшаңызға қайтарым жасамайды. Өйткені, тікелей аударым жасайсыз. Бұл өте ыңғайлы, комиссия, ешқандай шектеулер жоқ. Ал, басқа банктерді қолданған кезде белгілі бір қиындықтар, оның ішінде комиссия туындайды.

Цифрлық теңге –валютаны дамытудың келесі кезеңі. Оны қадағалап отыруға болады. Мәселен, сіздің компанияңыз, жеке кәсіпкерлігіңіз немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестігіңіз бар делік. Онда сізде өте көп құжаттамалар болады. Есеп-қисап тапсырып, салық, сақтандыру төлеуіңіз қажет. Цифрлық теңге көмегімен мұның бәрінен жалтара аласыз. Транзакция тарихы да қолжетімді болады. Бұған қоса, бұл жалған ақшадан қосымша қорғаныс та. Интернетсіз-ақ төлем жасау мүмкіндігін аласыз, яғни барынша қолайлы бола түседі. Цифрлық теңге әлі де әзірлену сатысында болғанымен, оның қолданылу аясы кең. Ол ұлттық валюта мен криптовалюта арасындағы буданға айналмақ. Дегенмен, мемлекет тарапынан оған бақылау да, қадағалау да болады. Айта кетерлігі, Қазақстан қаржы технологиясы бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында тұр. Грузия немесе Түркияда әлі күнге дейін қолма-қол ақшамен төлем жасалады. Аударым жасай салу жоқ. Тіпті, кей жерлерінде карта да қабылдамайды.

- Цифрлық теңгені енгізу еңбек нарығына әсер ете ме?

- Цифрлық теңгенің еңбек нарығына қандай да бір қатты әсері бола қояды деп ойламаймын. Ол кәсіпорындардың, қадағалаушы, салық органдарының жұмысын жеңілдетеді және барынша ашық, жылдам бола түседі. Цифрлық теңгені енгізу қаржы директорларына, бухгалтерлерге жүктемені азайтуы да мүмкін. Бірақ, валютаның қандай қызметі болатындығын, қандай қызметі болмайтындығын әлі білмейміз. Қалай десек те, ІТ мамандарына сұраныс мұнан да арта түседі.

- Ақшаны қандай валютада сақтаған дұрыс?

- Әртүрлі. Валюта – тек теңге, доллар немесе рубль емес. Біреулер ақшасын пәтер түрінде сақтайды, яғни жылжымайтын мүлік сатып алады. Өйткені, теңгеге сенбейді. Енді біреулер алтын сатып алады және ол да валюта саналады. Онымен де төлем жасауға болады. Енді біреулер акциялар алады. Демек, егер сізге ақшаны сақтау қажет болса әрі ұзақ уақыт оны кәдеге жаратпасаңыз, онда ең дұрысы - құнды қағаздар, акциялар мен облигациялар, фьючерстер мен криптовалюта сатып алған жөн. Бірақ, егер сізге қаражат жыл ішінде қандай да бір шығындарды төлеуге қажет болса, онда ең дұрысы - депозит ашып, соған салу керек. Теңгені долларға, одан кейін қайтадан теңгеге ауыстыру шығын. Жалақыны алған соң долларға айналдыру, одан кейін тамақ сатып алуға, коммуналдық шығындарды төлеуге қайтадан теңгеге алмастыру - ақымақтық.

Жалпы, берер кеңесіміз – әртараптандыру. Әдетте, нарықта дүрбелең басталғанда теңге де, доллар да құнын жоғалтып, алтын, облигациялар құнды бола түседі. Ал, бәрі қайтадан тынышталғанда алтын құнын жоғалтып, доллар көтеріледі. Бұл - динамикалық процесс және барлығы да сіздің пайда табу, сақтау не болмаса қорғауда болғыңыз келгеніне байланысты.

- Азын-аулақ қаражатты қайда салуға болады?

- Қазір бәрі цифрландырылған, телефондағы қосымшаларда тұр. Айталық, бұрынырақ депозит ашу үшін кемінде 20 мың теңге қажет болса, қазір 1 мың, тіпті кей банктерде 100 теңгемен де ашуға болады. Өйткені, сізді тіркеудің, уақыт шығындаудың, депозит ашумен айналысатын қызметкердің жұмысына ақы төлеудің еш қажеті жоқ. Демек, бұрын шығын көп болатын. Қазір мұның бәрін адам емес, телефондағы қосымша жасайды. Соған орай, комиссия да жоқ. Азын-аулақ қаражатқа не сатып ала аламын? Halyk Bank акциясының 1 данасы 114 теңге тұрады. Егер сізде 114 теңге болса, онда оны акцияға сала аласыз ба? Жауап – иә. Ал, егер Tesla акциясын сатып алғыңыз келсе, онда кемінде 700 долларыңыз болуы қажет. Шектеу жоқ. Бұрынырақ брокерлер дербес жұмыс істеп комиссия алатын. Оларға 5 мың немесе 50 мың доллардан төмен ақшасы бар адаммен жұмыс істеу тиімсіз еді. Қазір ешқандай шектеу жоқ. Тіпті, алтынның өзін телефон арқылы сатып алуға болады.

- Қазақстанда қаржы консультанттарына сұраныс артты ма?

- Адамдардың жалақысының қысқаруына байланысты қаңтар айынан консультанттарға сұраныс төмендеді. Орташа есеппен айтып отырмын. Өйткені, өндіріс тоқтап қалды әрі кейбір компаниялар жалақының өзін төлей алмады. Бұған қоса, белгілі бір шетелдік, оның ішінде ресейлік тауардың құны артты. Адамдардың бойында үрей пайда болып, барынша үнемдеу режиміне көше бастады. Олар дәл қазіргі сәтте қаржы консультантының кеңесі қажет емес деп санайды.

- Қазақстандағы білім алу депозиті сенімді деп санайсыз ба?

- AQYL депозиті жайында айтып отырған шығарсыз. Оны білім алу мақсатында ғана пайдалануға болады. Егер оны мақсатқа сай пайдаланбасаңыз, онда жыл сайын түсіп тұрған 5 пайыз сыйақыдан да қағыласыз. Депозит сенімді ме? Иә, ол мемлекет тарапынан сақтандырылған. Ал, егер сіз бұл қаражатты басқа мақсатқа жаратсаңыз, онда жоқ. Бұл ақшаны өзіңізде инвестициялауыңызға болады. Жалпы, сіздің ақшаңызды банк алады. Ал олар оны не істейді? Банкте ол көбейеді, яғни сіздің орныңызға олар ақшаны биржаға жібереді. Түскен ақшаның басым бөлігін алып, сізге 5 пайызын береді. Бар болғаны сол ғана. Ал, егер сіз депозитіңізді басқа мақсатқа пайдаланатын болсаңыз, онда сол 5 пайыз сыйақыдан да қағыласыз. Осы уақыттың ішінде банк ақшаңыздың есебінен пайда табады. Банктер осылай жұмыс істейді.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар