Азық-түліктің қымбаттауынан жылдық инфляция деңгейінің артуы байқалды – Премьер-Министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елде азық-түліктің қымбаттауынан жылдық инфляция деңгейінің артуы байқалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономиканың нақты секторының қарқынды дамуының нәтижесінде биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,4% дейін өсті. Бұған негізінен өңдеуші өнеркәсіп салалары оң ықпал етті.

Атап айтқанда, былғары өнімдерін өндіру 23% өсті, сусындар өндірісі 19%, пластмасса бұйымдарын шығару және киім-кешек өндірісі 14% өсті. Ал жиһаз өндірісі 13,5%, машина жасау 9,5%, химия өнеркәсібі 8,5%, фармацевтика 6,5% өсімді көрсетті», - деді Ә. Смайылов.

Тау-кен өнеркәсібінде өсім негізінен табиғи газ, мұнай, металл кені және көмір өндірісіне тиесілі. Қызмет көрсету секторында сауда 9,6%, көлік 8,4%, және байланыс 7,1% артты.

«Құрылыс саласы жыл басынан бері 9,5% тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазірдің өзінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы 4 айда Ақмола, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент пен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді. Ал қалған өңірлер жоспардағы көрсеткішке қол жеткізу үшін жұмысты күшейтуі қажет», - деді Премьер-Министр.

Министрлер кабинеті басшысының айтуынша, санкциялық шектеулер аясында сыртқы келеңсіз әсерлерді азайту және ұлттық экономиканың одан әрі дамуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жандандыру қажет.

«Елде жылдық инфляция деңгейінің артуы байқалып отыр. Оған негізінен азық-түлік тауарлары бағасының өсуі әсер етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша дүниежүзінде азық-түлік бағалары соңғы 12 айда 36% қымбаттады. Әлемде әсіресе, қант, ет және сүт өнімдерінің бағасы өсіп барады. Бұл өз кезегінде біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр.

Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысты тиімді қамтамасыз етіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар