Азық-түліктің қымбаттауы бүкіл әлемде байқалады – Сауда министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлем бойынша азық-түліктің қымбаттауы соңғы 10 жылдың рекордтық көрсеткішіне жетті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік бағасының өсуі бүкіл әлемде байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы құрылымының деректеріне сәйкес, биылғы мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ке өскен. Бұл соңғы 10 жылдың рекордтық көрсеткіші болып отыр», - деді Сауда министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бағаның қымбаттауы көршілес елдерде де байқалады. Мәселен, Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда көптеген тауарлар бойынша баға өсімі төмен.

«Өкінішке орай, әлемдік нарық бізге де әсер етті. Бірақ, бізде ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігіне әкелетін қосымша проблемалар байқалады», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Айта кетейік, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының айтарлықтай қымбаттауы Түркістан облысында – 9,4%, Нұр-Сұлтан қаласында – 8,5% және Алматы қаласында – 6% тіркелген.

Бағаның ең төмен өсімі Батыс Қазақстан облысында – 5,7%, Ақмола облысында – 5,6% және Қарағанды облысында – 5,2% байқалады.


Соңғы жаңалықтар