Азық-түлік тауарының өндірісі 7 млрд долларға жететіні болжанады – министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тұрақсыз геосаяси жағдай әлемнің көптеген елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі секторындағы осал тұстарын көрсетті. Астана халықаралық форумы шеңберінде өтіп жатқан панельдік сессияға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрақсыз геосаяси жағдай әлемнің көптеген елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі секторындағы осал тұстарын көрсетті. Пандемияға байланысты мемлекеттер енгізген шектеу салдарынан тасымалдау маршруттары бұзылды, азық-түлікке деген сұраныс күрт артты. Жеткізудегі қиындықтарға байланысты ауыл шаруашылығы үшін қажетті өнімдердің бағасы өсті. Ол әсіресе отандық тауар өндірушілерге қатты әсер етті. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан ашық нарықтық экономиканы ұстанады. Сондықтан әлемде, көрші мемлекеттерде болып жатқан мәселелердің бізге де әсер етпеуі мүмкін емес», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министр бұл түйіткілдерді шешу үшін Үкімет тарапынан жасалған қолдау шараларына да тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына бағытталған қаржы көлемі 2 есе ұлғайды.

«Пандемия салдары мен геосаяси жағдайларға қарамастан, азық-түлік тауарларын өндіру секторы 4% артып, 6,5 млрд долларға жетті. Келер жылы оның көлемі 500 миллионға ұлғайып, жалпы 7 млрд доллар болады деп болжам жасап отырмыз. Яғни, жыл сайынғы орташа өсім 5-6% төңірегінде болады», - деп күтілетін нәтижелермен бөлісті ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар