Азық-түлік пен шикізат нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс бар – Ұлттық банк

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде қалады деп күтілуде. Осы орайда ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен негізгі факторларды атап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыртқы секторда инфляцияның жаһандық деңгейде өсуі үздіксіз жалғасып келеді. Оның өсуіне азық-түліктің қымбаттауы да айтарлықтай әсер етеді. Биыл наурызда ФАО азық-түлік бағасының индексі 1990 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткенін айтты. Өткен жылы азық-түліктің бағасы 33,6%-ға өсті. Азық-түліктің әлемдік бағасы биыл да және 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады деп күтілуде. Азық-түлік пен шикізат нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс байқалады. Бұған себеп геосаяси жағдай, тыңайтқыштардың жоғары бағасы, сондай-ақ тауарды жеткізуге қатысты проблемалар», - деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.

Ұлттық банк басшысының мәліметінше, бүгінде мұнай бағасы да жоғары деңгейде қалып отыр.

«Сарапшылардың болжамы бойынша, мұнай бағасы 2022-2023 жылдары орташа есеппен 90-100 доллар аралығын құрайды. Осы болжамның әсерінен дамыған елдер экономикасында және сауда бойынша әріптес елдерде инфляция айтарлықтай өсті. Бұл импортталатын инфляцияның көтерілуіне ықпал етеді. Салдарынан тұтынушылық белсенділіктің оң серпіні кезінде сұраныс пен ұсыныстың алшақтығы күшейеді. Бұл жоғары жаһандық инфляцияның басты себептерінің бір», - дейді ол.

Сондай-ақ, Ғ. Пірматов биыл жаһандық инфляция жоғары болып қала беретінін жеткізді. Спикер ұсынған мәліметке сәйкес, дамыған елдерде инфляцияның өсуі бойынша болжамдық көрсеткіш 3,9%-дан 5,7%-ға дейін, ал дамушы елдерде – 5,9%-дан 8,7%-ға дейін артады.


Соңғы жаңалықтар