Азық-түлік қымбаттамау үшін қандай шаралар қолға алынды – Үкімет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен 2 аптада негізгі азық-түлік бағаларының өсуі тіркелген жоқ. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьердің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Үкіметтің стратегиялық міндеті.
«Әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі, өнімдер мен шикізат жеткізудің жаһандық тізбектерінің бұзылуы салдарынан азық-түлік қауіпсіздігі ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты өткен жылы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Онда егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген», - деді Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр.
«Жалпы өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптары көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіптік кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9% ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады. Өсудің негізгі факторы болған егін шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15% артты. Жоспарды іске асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу шаралары белсенді түрде іске асырылуда. Қабылданған шаралар оң нәтиже берді», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, өткен 2 аптада негізгі азық-түлік бағаларының өсуі тіркелген жоқ. Агроөнеркәсіп саласында бірқатар жобалар бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде.
«Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен бірге Қазақстанның жануарлардың аса қауіпті инфекциялары бойынша тұрақты деген мәртебесін алу жұмыстары жалғасуда. Бұл өткізу нарықтарын кеңейтуге және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов.


Соңғы жаңалықтар