Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы 70 млрд теңгеге ұлғаяды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы 70 млрд теңгеге ұлғайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«800 мың тонна көлемінде астықты форвардтық сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бөлу жұмысы жүріп жатыр. Қаржы экономикалық негіздеме және мемлекеттік инвестициялық ұсыныс әзірленді. Сондай-ақ қаржыландырудың бұл түрі Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың тұжырымдамасына енгізілді. Тұжырымдама жобасы Президент Әкімшілігіне келісуге жолданды», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің атап өтуінше, агроөнеркәсіп кешенінде өнім өндіру көлемін ұлғайту үшін 57,6 мың мал басы бар, жылдық қуаты 373 мың тонна сүт өндіретін 65 тауарлы сүт фермасы құрылады.

Тәулігіне 1 000 тонна майлы тұқымдарды қайта өңдеу қуатымен май экстракциялау зауыты және көкөніс өсіру бойынша қуаттылығы 6,4 мың тонна жылыжай кешенін салынады.

Құс етін өндіру бойынша 10 жоба және ет қайта өңдеу бойынша 8 жоба пайдалануға беріледі.

«Тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз ету үшін олардың жұмыс принципі қайта қаралып жатыр. Мәселен, әкімдіктер өңірдің қажеттілігін өңірлік сұраныс негізінде халықтың 3 айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін айқындайды. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде өнімді сату басталғанға дейін көкөністерді сақтау шартымен форвардтық сатып алуды жүзеге асырады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар