Азық-түлік корпорациясы резервке 200 мың тонна астық сатып алмақшы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға кепілдендірілген трансферт аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде ҚР Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева Мәжілістегі жаңа заң жобасының таныстырылымында айтты.

«Тағы бір бағыт – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясындағы іс-шаралар. Жоспарды Үкімет мақұлдады, ол сапалы, қауіпсіз тауарлардың нақты экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Оны жүзеге асыруға үш бағытқа 238 млрд теңге бөлінеді. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, оның ішінде әлеуметтік нан мен жұмыртқаны субсидиялауға 139 млрд теңге қарастырылған. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемін 70-тен 140 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол елде жемшөп қорын қалыптастыру үшін 20 млрд теңге бөлінетінін айтты.

«Былтырғы тәжірибе көрсеткендей, жемшөпқорын қалыптастыру маңызды. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы осы мақсатпен 200 мың тонна көлемінде астық сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл қор кейін құс, мал шаруашылығы кәсіпорындарын құрғақшылық сияқты шетін жағдайлардан, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасының күрт тапшылығынан сақтайды», - деді Татьяна Савельева.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистерге Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті нақтылау не үшін қажет болғанын түсіндірген болатын.


Соңғы жаңалықтар