Азық-түлік келісімшарт корпорациясының бидайды қандай бағада сатып алатыны айқындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл астық сатып алу бағасы туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көптеген өтініштері бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кепілмен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарын ескере отырып, форвардтық сатып алу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылды.

516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалды.

«Нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық -түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағаларын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-сыныпты бидайға - 78 мың теңге, 2-сыныпты арпаға - 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады», - деді С. Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған соң белгіленетін болады.

«Бұл ретте сатып алу бағасын белгілеу кезінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудан басқа ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі де ескерілді», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин астықты сатып алу мен тасымалдауға қатысты бірқатар тапсырма берді.



Соңғы жаңалықтар