«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» фермерлерді қаржыландыруды бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктемгі егіс науқаны алдында фермерлерге тұқымға қаржы бөлу жұмыстары басталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев мәлім етті.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты егін ору науқаны аясындағы жұмыстар қиындағанына, осыған орай кейбір диқандар тұқым тапшылығын сезініп отырғандығына тоқталған С.Қашқымбаев: «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау үшін тиісті шараларды қабылдады, яғни 27 қарашадан бастап форвардтық немесе алдын ала бидай сатып алуды бастадық. Қазіргі кезден бастап ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тұқым сатып алу үшін қаражат береміз. Олар келесі жылдың өнімінен түсетін бидайдан тапсырып, міндетін орындайды», - деді. Оның сөзіне қарағанда, кепілдік ретінде Азық-түлік келісім шарт корпорациясы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдемесін қабылдайды. «Бидайдың бағасын келесі күздегі егіннің жағдайына, сондай-ақ сол мезгілдегі нарықтың ахуалына қарай белгілейміз. Осы орайда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тиімді баға белгілеуге тырысамыз», - деп атап өтті С.Қашқымбаев. Мұнымен қоса ол қарызды өтеу мәселесіне тұрғысында фермерлер бидайды 2015 жылдың 1 қарашасына дейінгі уақытта қайтаруы керектігін жеткізді. Сөз соңында С.Қашқымбаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қойылатын талаптар аясында олардың «ҚазАгро» холдингінің және оның еншілес кәсіпорындарының, сондай-ақ басқа да қаржы ұйымдарының алдында өтелмеген қарыздары болмауы керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар