Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне 2010 жылдың бюджетінен 139,7 млрд. теңге қарастырылып отыр - Б. Сұлтанов

None
None
 АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне алдағы жылдың бюджетінен 139,7 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы бағыттағы шығын 2011 жылы 142 млрд. теңге шамасында болса, 2012 жылы  145 млрд. теңгеге дейін артады деп жоспарлануда. «Атап айтқанда, мемлекеттік резервке жыл сайын астық сатып алуға үш жыл ішінде 41,6 млрд. теңге жұмсау көзделді. Ал ауыл шаруашылығын субсидиялау, көктемгі дала және астық жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай және минералдық тыңайтқыштарды қоса алғанда 2010 жылғы шығыстар - 47,6 млрд. теңге, 2011 жылы - 48,4 млрд. теңге, 2012 жылы 49,2 млрд. теңгені құрайтын болады. Сондай-ақ «ҚазАгро» АҚ арқылы егіс жұмыстарын несиелеуге жыл сайын 80 млрд. теңге бөлу көзделеді», деді Б. Сұлтанов.

Бұдан басқа, келер жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджетінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға және ынталандыруға шығыстар көзделген. Атап айтқанда, ауылдық елді мекенге тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына көтерме жәрдемақы төлеу үшін жергілікті бюджеттерге трансферттер қарастырылады. Бұдан басқа, осы сала қызметкерлері үшін нөл пайыздық ставка бойынша тұрғын үй сатып алу үшін үш жылғы бюджеттен 12,6 млрд. теңге көзделеді. «Бұндай шаралар ауылдық жерлерде білім беру және денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тартуға бағытталған», деді Б. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар