Азық‑түлік қауіпсіздігі экономикалық тәуелділікке жол бермеуі тиіс

None
None
ТАНА. Қыркүйектің 25‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ 2010 жыл Қазақстан тарихы үшін аса маңызды саяси және экономикалық шаралардың қосақтала басталуымен ерекшеленетін  болады. Оның бірі еліміздің  ЕҚЫҰ‑ға төрағалығы болса, екіншісі Қазақстан‑Ресей‑Беларус үштігі арасындағы  Кеден одағының жүзеге асуы.

Әрине, бірі саяси, екіншісі экономикалық‑саудалық бағытты қамтитын  айтулы екі шара да  Қазақстанның одан әрі дамуына өз әсерлерін тигізбей қоймайды. Дегенмен ондай әсердің қаншалықты жағымды‑жағымсыз  болатынын, оның салдары елімізді қандай жолға түсірерін болжап, төрағалықтан өтіп, одаққа қосылып алғаннан кейінгі халімізге де терең көз жүгірте түсу қажет секілді. Әсіресе, бұл еліміздің  экономикалық дамуына тікелей әсер беретін Кедендік одаққа қатысты.

Кедендік одақ тақырыбы талқыланған сайын мамандар, сарапшылар одан кейінгі ДСҰ‑ға қадам мен одақ аясындағы болуы мүмкін деп болжанатын ортақ валюта мәселесіне  көп елеңдейді. Дегенмен қазіргі жағдайда ең алдымен қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларының бәсекеге қабілеттілігіне, еркін нарыққа төтеп бере алуына  баса назар аудару қажеттілігі сезіліп отыр. Шындығында, осы сала қазіргідей ерекше жағдайда еліміз үшін ең басым, ең елеулі сала болып қала бермек. Әсіресе, бүгінгідей экономикалық дағдарыс дауылы сейілмей тұрған кезеңде ауыл шаруашылығын одан сайын дамыту мақсатында оңтайлы шараларды қабылдаудың, отандық тауарды қорғау мен қолдаудың маңызы зор. Әрине, Үкімет тарапынан дәл осы бағыттағы іс‑шаралар жоспары біртіндеп жүзеге асуда. Тіпті, қайсібір өңірлерде атқарылған шаруашылық жұмыстарының жемісті болып тұрғаны жайында әңгімелер де бар. Бәсекеге бел шешіп кіре алатын түр көрсетіп те жүрміз. Сондай бәсекелестік сес көрсете алатын түрден Кедендік одаққа яки  ДСҰ‑ға кіргенде айырылып қалмасақ игі.

 Кеше ғана Парламентте  «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты заң жобасы қызу талқыланды. Онда еліміздің азық‑түлік қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздіктің қатарына жатқызатын нормалар көзделді. Дегенмен де, алдағы күні экономикасы Қазақстанды он бес орап алатын мемлекетпен бір Кедендік одақта өмір сүруді бастайтындығымызды ескерсек, жаңағы азық‑түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің қатарына ғана емес, ең бірінші орынға шығуы ғажап емес. Яғни, кедендік кедергілер алынып тасталғаннан соң ішкі нарықта отандық азық‑түлік тауарларын орыстың, беларустың өнімдері баса көктеп шеттетсе, депутаттар айтып отырған азық‑түлік қауіпсіздігі қорғалмаса, экономикалық тәуелділік туып ұлттық қауіпсіздік мәселесін алдыңғы қатарға шығаратыны сөзсіз. Сондықтан да азық‑түлік қауіпсіздігі үшін қазір жасалған шаралар ертеңгі күнгі экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуі керек.

Расында, Қазақстандағы азық‑түлік қауіпсіздігі қандай деңгейде? Сенатор Ғани Қасымов: «Қазіргі Қазақстанда азық‑түлік қауіпсіздігі жоқ», деп мәлімдейді. Осылай айтудың да жаны бар секілді. Өйткені, дәл бүгінгі жағдайда өз нарығымызды отандық азық‑түлік тауарларымен қанықтыру 40-50 пайыздан аспайтын көрінеді. Қалған 60 пайыз тұтынатын тамағымыз шеттен келеді. Шынымен осындай көрсеткіште тұрып азықтық қауіпсіздік туралы не айтуға болады?! Тіпті басқасын айтпағанда, «Малым жанымның садағасы» дейтін қазақ ет пен ет өнімдерінің 40 пайызын шеттен сатып алады екен. Осындай жағдайда тұрып, Кедендік одақ аясында үш елдің тауар айналысына, экономикалық үдерістеріне қаншалықты үлес қоса аламыз деген орынды сұрақ туындайды. Үлес қоспақ түгілі, азғантай ауыс‑түйіске разы боп, тауар басқыншылығынан құтыла алмай қалмаймыз ба? «Кедендік одақ аясында сыртқы шекара болғанымен, ішкі шекара болмайды. Біздің ауыл шаруашылығымыз осыған төтеп бере ала ма, азық‑түлік қауіпсіздігіміз қорғалып қалады ма? Жалпы, осының өзі  стратегиялық мәселе, үлкен міндет. Кедендік одақтан кейінгі қадам ДСҰ екенін ескерсек, ауыл шаруашылығының іргетасы берік болып, шекараны айқара ашқан жағдайда өзін қорғап қана қоймай, қандай болса да бәсекелестікке шыдауға міндетті. Бірақ, біз әлі күнге отандық азық‑түлікпен өзімізді толық тойдыра алмай келеміз. Сонда бүгінгі азық‑түлік   қауіпсіздігі дегеніміз осы ма?», деді сенатор Ғ. Қасымов.

Ақыр аяғы Кедендік одақ шеңберінде «Қазақстанға Ресей мен Беларус не өткізеді?», «Қазақстан оларға не бере алады?» деген мәселеге терең талдау жасалу керек секілді. Ресей экономикасы белгілі, Беларус экономикасы Қазақстанға қарағанда төмендеу болғанымен, оларда отандық тауар өндіру бекем секілді. Шындығында Ресей де, Беларус та өздері қорғану үшін Қазақстаннан ештеңе алмаймын демейді, бірақ оған береріміз болуы керек қой. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ өзі етке тоймай отырса, орысқа өлсе де ет бере алмайды. Ал одан басқа, жүн‑тері секілді  дүниені өзіміз өңдеудің орнына сыртқа жөнелте бергеннің аяғы не болатыны да белгілі. Баяғы әдетпен тағы да шикізатқа арқа сүйеп, оның орнына дайын тауарға тәуелді болу экономикалық тәуелділікке ұрынумен бірдей.

Өткен жолғы бір басқосуда «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев еліміздегі ірі сауда желілерінде, «гипер‑супермаркеттерде қазақстандық тауарлар кемсітушілік көріп отыр, сөрелердегі көрнекті орынды шетелдік тауар басып, отандық тауар шетте, көзден тасада қалды» деп байбалам салып еді. Сол байбаламы орынды екен. Дегенмен  болашақта сондай байбаламға да зар болып, өз тауарымызды сөренің тасасынан да таба алмай  қалып жүрмейік.

 

Соңғы жаңалықтар