Азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп берді – Үкімет басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің негізгі мақсатымыз – жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету. Сондықтан, мемлекеттік органның әрбір жауапты басшысы кешенді жоспардың іс-шараларын сапалы орындауға бар күш-жігерін салуы тиіс. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен, азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің дерегінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1 пайызға өскен.

Оның ішінде Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада 0,2 пайыздан жоғары болды.

Осыған байланысты Үкімет басшысы өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуі қажеттігін баса айтты.

«Әсіресе, үстеме бағаның тиісті 15 пайыздық мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек. Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Біз ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салуымыз қажет. Сонымен қатар, тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсетуге тиіспіз. Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар