Азық-түлік инфляциясы 19,7% дейін жеделдеген - Ұлттық банк

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы шілдеде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті, оған азық-түлік бағасының көтерілуі ең көп үлес қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтып берді.

«Шілдеде Қазақстанда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де жоғары деңгейде болғанмен, бір ай бұрынғы 1,6%-дан 1,1%-ға дейін баяулады. Шілдеде орта есеппен соңғы 5 жылда айлық инфляция 0,3%-ды құрады», - деді Ақылжан Баймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, баға өсуінің баяулауы жеміс-көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауының әсерінен болды. Жүргізіліп жатқан ынталандырушы фискалдық саясат аясында экономикада сақталып отырған сұраныс, геосаяси шиеленіс пен нарықтардағы теңгерімсіздіктер кезінде экономиканың сыртқы және ішкі секторларындағы қысым тұтыну бағаларының өсуін баяулатуға кедергі болады.

Ұлттық банктің хабарлауынша, шілдеде жылдық инфляция 14,5%-дан 15%-ға дейін өсті. Бұл ретте инфляцияға азық-түлік бағасының өсуі ең көп үлес қосты. Мысалы, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2-дан 14,2%-ға дейін жеделдеген.

«Ақылы қызметтер инфляциясы бір айда салыстырмалы түрде жоғары өскеніне қарамастан, 2021 жылғы жоғары базаның әсеріне байланысты 9,2% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Осылайша, экономикадағы инфляциялық қысым жоғары деңгейде сақталып отыр. Инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуін, олардың тұрақтылығын, сұранысты фискалдық ынталандыруды және сыртқы проинфляциялық жағдайды ескере отырып, Ұлттық Банк биылғы 25 шілдеде базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға дейін көтерді. Бұл алдағы жылы инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады», - деді А. Баймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар