Азық-түлік, дәрі-дәрмек, автокөлік өндірісі артты - экономика министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы өндіріс көлемі 4,9%-ке өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңдеу өнеркәсібі бойынша 17 өңірде өсім тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіш Шығыс Қазақстан, Абай және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында. Аталған өңірлерде азық-түлік тауарлары, мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, түсті металлдар, тракторлар, жүк және жеңіл автокөліктер өндірісі артқан», - деді Ұлттық экономика министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Керісінше, төмендеу Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалады. Негізінен ұн, алкогольсіз сусындар, тауар бетоны, уран, металл конструкциялары, аккумулятор, бензин, дизель отыны, феррохром, өңделмеген алюминий өндірісі қысқарған.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,7%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 19,6%, компьютер, электронды және оптикалық құралдар жасау – 13,8%, азық-түлік тауарлары – 2,8%, сусындар – 9,1%, пластмасс бұйымдары – 5,3%, дайын металл бұйымдары – 3,0%, химия өнеркәсібі тауарлары – 10,6%, киім өндірісі – 5,5%-ке артқан. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1%-ке ұлғайды.

Салалар бөлінісінде тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,7%, газ өндіруде – 2,2%, көмір өндіруде – 1,3%, металл кендерін өндіруде – 0,9%, шикі мұнай өндіруде – 0,3% өсім бар. Өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 6,6%-ке төмендеу тіркелген.

Айта кетейік, Үкіметте Қазақстанның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндауынша, аталған кезеңде Қазақстан экономикасы 3,3%-ке өскен.


Соңғы жаңалықтар