Азық-түлік бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды - Ғалымжан Пірматов
2022 жылғы 12 мамыр 10:36

Азық-түлік бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды - Ғалымжан Пірматов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында инфляцияның жыл аяғына дейін жоғары деңгейде сақталатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы инфляция біздің болжамымыз бойынша, наурыздағы 12%-дан сәуірде барлық компоненттер бойынша баға жылдам өскендіктен 13,2%-ға дейін қарқын алды. Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қант, қырыққабат, күнбағыс майы ең көп үлес қосып келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды. Алайда, наурызда жекелеген азық-түлік тауарларға сұраныс артқандықтан бағаның жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталып отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.

Айтуынша, сыртқы инфляциялық фон сәуірде 10,9%-дан 11,1%-ға дейін жеделдеп, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасын өсіріп тұр.

«Ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 8,3%-дан 8,9%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызмет бағасының өсуіне байланысты болды.Тәуекелдерді ескере отырып, инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталатын болады», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұған дейін Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру шараларын жүргізіп жатқанын мәлім еткен болатын.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT