Азық-түлік бағасын қалыпты ұстап тұруға қатысты шешімдер жабық түрде қабылданып жатыр

None
None
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азық-түлік бағасын қалыпты ұстап тұруға қатысты шешімдер жабық түрде қабылданып жатыр.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.

Отырыс барысында сенатор Қуаныш Айтаханов азық-түлік бағасына қатысты мәселе көтерді. «Осыдан екі жыл бұрын Парламентте қабылданған заң бойынша табысы аз азаматтарға азық бағасы қымбаттаған шақта мемлекеттік қолдау көрсетіледі, осыған байланысты субсидия беру туралы норма бар еді. Одан кейінгі жылдары Үкімет әлеуметтік азық-түлік тауарларының тізбесін бекітті. Ендеше азық бағасының қымбаттауына орай әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға қандай көмектер көрсетілуде?», - деп сұраған болатын сенатор.

Бұған қатысты Өмірзақ Шөкеев Үкімет елдегі азық-түлік бағасын үнемі бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. «Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі бекітілді. Соған қатысты біз рынокта қандай баға орнаған сәттен бастап нарыққа араласуымыз керектігін де білеміз. Былайша айтқанда, тиісті шешімдердің барлығы жабық түрде қабылдануда. Расымен, мәселені ашық түрде талқылауды жөнсіз санаймыз. Өйткені, ашық қабылданған шешімдер нарықты, оның ішінде бағаны қозғалтуы мүмкін», - деді Ө. Шөкеев. Оның айтуынша, бұдан бөлек бағаны уыста ұстау үшін барлық облыстарға, әлеуметтік корпорацияларға кредит бөлінген. «Әкімдердің қолына үлкен қаржы бердік. Жергілікті билік осы қаржыға қазіргі күні әлеуметтік маңызы жоғары әрі аса қажетті тауарларды сатып алып, өздерінде қыстай сақтап, көктемгі маусымда тауарлардың бағасын ұстап тұруға әсер етулері шарт. Ондай мүмкіндіктер баршылық», - деді Ө. Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар