Азық-түлік бағасы, көктемгі егіс, инвестор тарту - Меморгандар назарда ұстауға тиіс мәселелер аталды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров орталық және жергілікті атқарушы органдар назар аударуы тиіс іс-шараларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, орталық және жергілікті атқарушы органдар ең алдымен көктемгі егіс жұмыстарын тиімді жүргізуге кешенді қолдау көрсетуге, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз етуге баса назар аудары керек.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрақтандыру қоры арқылы олардың қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар инвестор тарту және сүйемелдеу бойынша нақты жұмысты барлық деңгейлерде жандандыруы қажет.

Тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламаларын іске асыру аясында еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз еткені жөн.

Экспорттаушылардың жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсету, экспорттау бағыттарының баламалы жолдарын қалыптастыру керек.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді Әлібек Қуантыров.


Соңғы жаңалықтар