Азоттың шала тотығының заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізілмек
2022 жылғы 16 мамыр 13:05

Азоттың шала тотығының заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азоттың шала тотығының заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктегі онлайн өткен баспасөз мәслихатында «еліткіш газ» не себепті клубтарда емін-еркін сатылып жатқаны туралы сауал қойылды.

«Еліткіш газ» есірткі болып саналмайды және оның сауда айналымын қадағалау полицияның құзыретіне жатпайды. Бұл медициналық препарат анестезия үшін пайдаланылады, сондай-ақ ол дәрігердің қатаң бақылауымен жүргізіледі. Осы газдың әсері оттектің аздығы мен қандағы көмірқышқыл газының шамадан тыс артық қалыптасуынан болады. Бұл жағдай адам денсаулығына қауіпті», - деді Асқар Мұхаметқалиев.

Оның айтуынша, азоттың шала тотығы адам өмірі мен ағзасына зиянды әрі қатты әсер ететін заттардың тізіміне енгізілген. Оны елге кіргізу мен тарату құзыреті денсаулық сақтау органдарына берілген.

«Қазіргі кезде депутаттардың бастамасы аясында тиісті заң жобасы дайындалды. Осы орайда осындай әсері күшті заттардың заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр», - деді ведомство өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 4 айда еліміздің аумағында 11 есірткі зертханасы жойылды.

Есірткінің трансұлттық арнасын жою кезінде 13 қазақстандық ұсталды.

Жыл басынан есірткі таратуға қатысты 655 интернет-ресурс анықталды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT