Азияның поэзиялық жаңа толқынын бастауға шақырамын - моңғол ақыны Мэнд Ооёо

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нобель сыйлығының үміткері, моңғол ақыны Гомбожавын Мэнд Ооёо Азия қаламгерлерінің І форумында құрлықтың мәдени-рухани әлемін кемелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамзат өркениетінің поэзия теңізінен терген жауһары секілді антология мәдениетіне Азияның да ұсынар айрықша жаңалықтары енуі керек. Әуелі Азия құрлығы елдерінің ерекше ілтипатымен поэзия антологиясының көп тілге тәржімаланып, шығуына тілектеспін. Бұл прозаға да, әдебиеттің өзге жанрларына да қатысты сөз. Біз қашанға дейін Батыстың қабағына қарап, қолына телміреміз. «Батыс деген Батыс, Шығыс деген Шығыс – бір-біріне еш қарамайтын тұс» деп Киплинг айтып кеткен. Бөлініп-жарылмай әлем әдебиетінің ұлы арнасында әсіре батысшыл үстемдікті өзгерту мақсатында бұл сөзімді түсінулеріңізді сұраймын. Азия әдебиетін қолдауға қатысты тиімді тәсілдерді тауып, айталық, бір белдеулік қор құру арқылы тәржіма және таңдаулы шығармаларды насихаттау – осы құрлықтағы елдердің Үкіметтерінің міндеті болады деп ойлаймын», - деді Гомбожавын Мэнд Ооёо.

Өз сөзінде моңғол ақыны Қазақстан тарапына алғысын білдірді.

«Қазақ елінің халықаралық әдебиет қарым-қатынасын дамыту, қолдау жолындағы игі істеріне бек разымыз. Азияның мәдени-рухани текті, таңғажайып әлемін кемелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға шақырамын», - деді Нобель сыйлығының номинананты.

Еске салсақ, елордада Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. Оған әдебиеттен Нобель сыйлығының 3 номинаты қатысуда. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.






Соңғы жаңалықтар