Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 11-інші кезекті отырысы өтті

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 11-інші кезекті отырысы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АСПХК Тұрақты комитеті жиынының басты мақсаты - ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету, саяси партиялар арасындағы байланысты тереңдету жолымен азиялық мемлекеттер арасындағы түсіністік пен сенімді нығайту болып табылады. Басқосу барысында АСПХК Бас Ассамблеясының 5-ші жиынына дайындық пен өткізу мәселелері, COPPAL 30 жылдығына орай 2009 жылы қазанның 10-12-сі аралығында Санто-Домингода өтетін Латын Америка және Кариб бассейні (COPPAL) саяси партиялары Тұрақты конференциясының Үйлестіру органының пленарлық кеңесіне Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы мүшелерінің қатысуы, Африка саяси партияларымен байланысты нығайту шаралары талқыланды.

Жиын барысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев алдымен басқосуға қатысушыларға Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың сәлемін жолдап, АСПХК шеңберінде Бас Ассамблеяның жиынын өткізуге дайындық мәселелері туралы әңгімеледі. Сонымен бірге, Д. Кәлетаев Елбасының партия онжылдығына арналған жиында көтерген мәселелерін, Үкіметке жүктеген міндеттері мен алдағы уақытқа жоспарланған шаралары туралы да сөз қозғады. Дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның дамуына бағытталған мемлекеттік жоспарлармен де бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, 2000 жылы құрылған Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы - құрамына 50 мемлекеттен 240 саяси партиялар кіретін Азия және Океания елдерінің саяси партияларының өкілетті форумы болып табылады. Олардың қатарында Үндістанның, Қытайдың, Ресейдің, Оңтүстік Кореяның, Жапонияның ірі партиялық ұйымдары да бар. «Нұр Отан» ХДП партиясы АСПХК Бас Ассамблеясының мүшесі, 2008 жылдан бастап АСПХК жұмыс тобының - Тұрақты комитетінің құрамына енген.

Соңғы жаңалықтар