Азия Параойындары-2018: Күміс жүлдегер облыс әкімінің стипендиясын алатын болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық жүзуші Сергей Кинах Жакартадағы (Индонезия) Азия параойындарында сәтті өнер көрсеткен соң, облыс әкімі стипендиясын алушылар тізімін толықтырды. Ол жайлы Дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

«Бізде қол жеткізген нәтижелеріне орай спортшыларға берілетін Қарағанды облысы әкімінің стипендиясы бар. Қазір оны 4 мүмкіндігі шектеулі спортшы алады. Енді олардың қатарына Сергей Кинах та қосылды», - деді басқарма басшысының орынбасары Рустам Қожабеков баспасөз мәслихаты барысында.

Стипендия ай сайын төленеді, оның мөлшері 175 мың теңгені құрайды. 
Жүзуші-спортшыға және оның бапкері Наталья Манохинаға алғыс хаттар табыс етілді. 
Азия біріншілігіне төрт спорт түрі бойынша 7 қарағандылық қатысты: Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев, Сергей Кинах, Әлия Рахымбекова (жүзу), Руфат Хабибуллин (жеңіл атлетика), Артём Вайман (үстел теннисі) және Айдос Жылқышымов (оқпен ату).
Сергей Кинах екі күміс жүлдені иеленді: 100 метр қашықтықта брасспен жүзу, 500 метрге еркін жүзу бойынша. Жүз метрлік қашықтықты спортшы бір минут 23.06 секундта жүзіп өтті. 
Бұл -26 жасар спортшының мансабындағы екінші Параазиада. Бірінші рет ол қола жүлдеге қол жеткізген еді, осы жолы нәтижесін жақсартып отыр. Айта кеткен жөн, халықаралық санаттағы спорт шебері веб-сайттар құрумен айналысады. Үйінде Сергей үшін барлық туғандары жанкүйер болды: жұбайы, екі баласы, ата-анасы, әжесі мен атасы. 
«Сайыстарға дайындық екі кезеңнен құралды: Ыстық көлде және Таразда. Оған дейін жыл бойы үйде, олимпиада резервін дайындау орталығында және Н. Әбдіров атындағы спорт кешенінде шынықтық. Ең басты қиындық Қарағандыда 50 метрлік бассейннің болмауында еді, себебі барлық халықаралық сайыстардың барлығы сондай нысандарда өтеді», - дейді жаттықтырушы Наталья Манохина. 

Қарағандыда Облыстық мамандандырылған мүгедектік спорт мектебі 2003-ші жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда тірек-қозғалыс аппараты бұзылған, зағип, есту қабілеті төмен, ойлау қабілеті шектеулі спортшылар 9 спорт түрінен: жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, футбол, шағын-футбол, пауэрлифтинг, отырып ойнайтын волейбол, дойбы- шахмат және тоғызқұмалақтан жаттығады. Тәрбиеленушілермен жоғары білікті 15 жаттықтырушы жұмыс істейді. 

Соңғы жаңалықтар