Азия ойындары: Су добынан ҚР ерлер құрамасының қарсыластары анықталды

None
Фото: olympic.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытайда су добынан өтетін Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир 25 қыркүйек – 8 қазан аралығында Ханчжоу қаласында өтеді.

Ел құрамасы 2-7 қазан аралығында өнер көрсетеді. Жарысқа келген барлығы 8 құрама екі топта шеберлік байқасады.

Қазақстандық спортшылар В тобында сынға түседі. Олар алдымен, 2 қазанда – Гонконг, 3 қазанда – Жапония, 4 қазанда Сингапурмен ойнайды.

Одан кейін 5 қазанда ширек финал, 6 қазанда жартылай финал болады. Ал 7 қазан күні қола медаль үшін талас пен ақтық сайыс өтеді.

Айта кетейік, жарыс барысында 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынады.

Су добынан еліміздің ерлер құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. 2006 жылы қола жүлдегер болса, қалғанында чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Азия ойындарында су добынан Қазақстан әйелдер құрамасының қарсыластары анықталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар