Азия мен Еуропа Парламентінің өкілдері бүгінгі қауіп-қатерлерге бірге ықпал етуге уағдаласты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ПНОМПЕНЬ. ҚазАқпарат – «Азия-Еуропа» форумы Парламентінің делегаттары пандемия кезінде бейбітшілік пен тұрақталық үшін ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Камбоджа парламентінің екі палатасы басшыларының төрағалығымен сейсенбі күні онлайн режимде өткен мәжіліске ұйымға мүше 30 мемлекет пен «Азия-Еуропа» форумының мүшелері мен серіктестері қатысты.

Қазақстан тарапынан кездесуде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Айгүл Құспан өкілдік етті.

Камбоджа Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хенг Самрин өз сөзінде Азия мен Еуропаның әлі де жаңа сын-тегеуріндерге тап болып отырғанын және олардың адамдардың өмірі мен сеніміне ықпал ететінін атап өтті.

«Коронавирус пандемиясы тудырған қиындықтардан соң екі құрлық қауіпсіздік, терроризм, технология мен сауда саласындағы бәсекелестік, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды қорғау, әлеуметтік және гендерлік теңсіздік сияқты үлкен проблемалармен бетпе-бет келді»,-деді Хенг Самрин.

Оның пікірінше, «Азия Еуропа» парламенттік серіктестігі бейбітшілік, қауіпсіздік, гүлдену мен тұрақты даму жолындағы ортақ міндеттерді шешу бағытында бірігуге мүмкіндік тудырып отыр.

Өз кезегінде Айгүл Құспан форум қатысушыларының назарын әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан пандемиядан туындаған қауіп-қатерлермен күреске Азия мен Еуропаның күшін біріктіру қажеттігіне аударды.

«Әлемдегі жағдай өзін-өзі оқшаулау тәсілі ұзаққа дейін бармайтынын көрсетті. Біз бүгін Азия мен Еуропа арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың осы күнгі үлгісінің өзгеріп, жаңа блоктардың құрылып жатқанының куәсі болып отырмыз»,-деп мәлім етті қазақстандық депутат.

Бүгіні таңда Евразиядағы елдердің барлығы өздерінің бизнестерінің жаңа нарықтарға кедергісіз шығу мүмкіндігін кеңейткелі отыр. Алайда вакцинация сертификаттарын өзара мойындау мәселесінің шешілмеуі халықаралық сауданы айтарлықтай қиындатып отыр.

«Халықаралық бизнес пен туризмнің пандемия салдарынан сауығуына көмектесу үшін вакцинация сетификаттарын өзара мойындау ісін ынталандырудың маңызы зор»,-деді Айгүл Құспан.

Азия мен Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінің экономикасының қозғаушы күші саналатын туризм секторына пандемияның тигізген зардабы аз болған жоқ. Сол себепті «Азия мен Еуропа» форумы парламентінің өкілдері өзінің декларациясында әлемдік қауымдастықты туризмді қалпына келтіруге барынша күш салуға шақырды.

Айгүл Құспан сонымен қатар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге дер кезінде әрі талапқа сай әрекет етіп, әлемдік қауымдастықты тұрақты дамыту бағытында жаңа тәсілдерді ойлап табуды көздейтін халықаралық қауіпсіздік жүйесін трансформациялау процестері туралы айтты.

«Қазақстан төрағалық етіп, Женевада алдағы уақытта өтетін ДСҰ-ның министрліктер конференциясы әлемдік қауымдастықтың сауда-экономикалық синергиясын жүзеге асыруда маңызды кезең болады»,-деп нық сеніммен айтты Мәжіліс депутаты.

Кездесу аясында парламент өкілдері бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды ілгерілетуде парламенттік дипломатияның өзектілігін растай отырып, коронавирус пандемиясынан кейінгі әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Олардың ішінде цифрлық экономика, инклюзивті өсім мен даму, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері де бар.


Тимур Дүйсекеев


Соңғы жаңалықтар