Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің басқарушы кеңесіндегі Қазақстан өкілдері тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Басқарушылар кеңестерiндегі ҚР өкiлдерiн тағайындау және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен байланыс арнасын айқындау туралы» өзгертілген Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта көрсетілгендей, енді Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің басқарушылар кеңестерiндегі Қазақстанның өкілдері болып Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова тағайындалды.

«Басқарушы – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Сәкенұлы Қуантыров, Басқарушының орынбасары – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглова. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, - делінген Үкімет басшысы қол қойған қаулыда.

Тоқтала кетейік, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) 2014 жылы 24 қазанда кұрылған. Оған 105 мемлекет мүше. Ресей, Қытай және Үндістан АИИБ-та басым дауысқа ие. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің негізгі мақсаты – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қаржылық ынтымақтастықты ынталандыру, Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру.

Қазақстан 2015 жылы 24 маусымда АИИБ келісімінің баптарын ратификациялады.


Соңғы жаңалықтар