Азия даму банкі Қазақстанның энергетика саласына қаржы құяды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Азия даму банкі Қазақстанның энергетика саласына қаржы құяды. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан XII Kazenergy Еуразиялық форумы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздер байқамаған шығарсыздар, біз Азия даму банкімен ынтымақтастық және өзара келісім туралы меморандумға қол қойдық. Азия даму банкі осы минуттан бастап елімідің энергетика саласындағы жобаларды қаржыландырады. Бүгін соған қол жеткіздік. Ташкенттегі кездесуде бұл мәселе шешілмей қалған еді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, аталған келісімді болашақ іс-қимылдың негізі деуге болады.

«Азия даму банкімен қарым-қатынастың негізгі бағыттарын келесі жылдары жүзеге асыра бастаймыз. Меморандумға сәйкес, баламалы энергия көздері, мұнай және газ-химия, газ пайдаланатын энергия стансалары бағыттарында ынтымақтастық орнатамыз. Болашақта осы бағыттар бойынша жобалар жүзеге асады. Керекті құжаттарды Азия Даму банкіне өткіземіз, тиісті сараптамалардан кейін қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болады», - деді ол.

Қанат Алдабергенұлы аталған банк Қазақстан экономикасына қанша қаржы құятыны әзірше белгісіз екенін айтты.

«Қанша көлемде қаржыландыратынын әлі айта алмаймыз. Өйткені, бір жобаны банк тағы бір банкпен бірге қаржыландыруы мүмкін. Бірақ, бір жылдан кейін қаражат бойынша нақты мәлімет береміз», - деп уәде берді министр.

Соңғы жаңалықтар