Азия чемпионы атанған қазақстандық боксшылар жарыс туралы пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бокстан 22 жасқа дейінгі спортшыларда ерлер арасында Азия чемпионы атанған қазақстандық үш спортшы өз жеңістеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Таиланд астанасы Бангкок қаласында 16-26 қаңтар аралығында өткен құрлықтық додада ел құрамасынан Санжар Тәшкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Махмуд Сабыржан (57 келі) чемпион атанды.

Финалдық кездесуінен кейін Санжар Тәшкенбай: «Бүгінгі жекпе-жек ойдағыдай өтті. Жалпы, құрлықтық додадағы барлық қарсыласым оңайға соққан жоқ. Әрбірінің дайындыққа көбірек көңіл бөлгені байқалады. Десе де финалдағы кездесуде көбірек тер төгуге тура келеді. Енді алдағы сайыстарға дайындықты бастаймыз», - деді.

Ал Нұрсұлтан Алтынбек соңғы кездесуі оңайға соқпағанын атап өтті. Алдағы жарыстарға дайындық барысы жөнінде ойын білдірді.

«Қолдау көрсеткен қазақстандық барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Жекпе-жек барысында сәттілік серік болды. Финалдағы жекпе-жекте өзіме сендім. Филиппиндік қарсыласымның осал емес екенін білемін. Осылайша алға қойған мақсатымды орындадым. Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде болды. Мол тәжірибе жинақтадым. Алдағы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз», - деді ол.

Тағы бір чемпион Махмуд Сабырхан: «Финалдағы қарсыласым таиландтық боксшы болды. Әрине, негізгі мақсатым - оны айқын басымдықпен жеңу еді. Үш раундта да қарсыластан жоғары деңгейде ойын көрсете алдым. Ең қиын жекпе-жегім - финалдағы кездесу. Оған дейін Өзбекстан, Малайзия, Филиппин боксшыларынан басым түстім. Финалдағы таиландтық қарсыласым қиын тиді», - деді.

Еске салсақ, еліміздің ерлер құрамасында барлығы 13 боксшы сынға түсті. Құрама сапындағы спортшылар 11 медальға қол жеткізді. Оның ішінде 3-еуі – алтын, 3-еуі – күміс, 5-еуі – қола. Нәтижесінде, медальдар кестесінде екінші орын алды.


Фото: Getty Images

Соңғы жаңалықтар