Азия чемпионатында жеңіске жеткен ақмолалық боксшылар ақшалай сыйлыққа ие болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бокстан өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған ақмолалық былғары қолғап шеберлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Байрақты жарыста жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан Алғыс хат және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Оның ішінде Азия чемпионы Талғат Шәйкен мен оның жаттықтырушысы Қуат Бейсенбаев, күміс жүлдегер Айзада Еслямғали мен оның жаттықтырушысы Олдас Сұлтанбеков бар.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова спортшылар мен олардың жаттықтырушыларының еңбегін ерекше атап өтті.

«Сіздер еліміздің нағыз патриотысыздар. Сіздердің арқаларыңызда  көк байрағымыз халықаралық жарыстарда желбіреуде», - деді А.Мысырәлімова.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большинаның мәліметінше, Тайланд астанасы Банкок қаласында жастар арасында өткен бокстан Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Ұлттық құрама 10 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль иеленді. Оның ішінде Ақмола облысынан қатысқан Талғат Шәйкен 64 келі салмақта чемпион атанса, Айзада Еслямғали 54 келі салмақта күміс иеленді.

Соңғы жаңалықтар