Азия чемпионаты: Төрт бірдей қазақ балуаны қола медаль жеңіп алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Сиянь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында кезек грек-рим күресі шеберлеріне келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Грек-рим күресі бойынша құрлық біріншілігінің алғашқы күнінде бес қазақ балуаны қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.

Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені 55 кг салмақта күрескен Қорлан Жақанша салды. Ол оңтүстіккореялық Джеон Хекжинді 9:0 есебімен бет қаратпай ұтты.

Тамерлан Шадукаев та 77 кг салмақта қола жүлде үшін бәсекеде катарлық Бахит Шариф Бадрды мерзімінен бұрын тізе бүктірді.

Сол секілді Азамат Құстұбаев 87 кг салмақта тәжік балуаны Тохиржон Охоновқа соқыр ұпай ұстатпады - 8:0.

Дамир Күзембаев 130 кг салмақта үндістандық Прем Премді партерге жатқызғаннан кейін тұрғызбады.

Тек 63 кг салмақта қола үшін кілемге шыққан Құдайберген Тұрсынбаев қана ирандық Саман Морад Абдувалиге есе жіберді.

Осылайша грек-рим күресінен ел құрамасы (бас бапкері Нұрым Дүйсенов) бірінші күні төрт қола жүлдеге ие болды.

Ертең - күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы күні. Грек-рим күресі шеберлері қалған салмақтар бойынша сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық еркін күрес шеберінің Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Фото: olympic.kz

Соңғы жаңалықтар