Азия чемпионаты: Сабыржан Аққалықов күмісті қанағат тұтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Cабыржан Аққалықов күміс жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық додада Сабыржан Аққалықов (71 келі) өзбекстандық Нурислом Исмоиловпен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта төрешілер шешімі екіге бөлінді. Екеуі қазақстандық боксшыға қолдау білдірсе, үшеуі өзбекстандық былғары қолғап шеберінің басым екенін көрсетті.

Осыны білген Сабыржан екінші раундта қарқынын арттыра түсті. Нәтижесінде, қарсыласы нокдаун алып қалды. Бұл жолы төрешілердің үшеуі Сабыржанның басым екеніне сенім білдірді.

Үшінші раундта қарсыластар ашық айқасқа көшті. Бір-біріне жиі соққы жасады. Жалпы, қорытындыда төрешілер жеңісті өзбекстандық боксшыға берді. Осылайша, Сабыржан күміс жүлдені қанағат тұтты.

Еске салсақ, бүгін құрлықтық додада Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі) жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Сондай-ақ, Махмуд Сабыржан (57 келі) таиландтық Саравут Суктхеттың осал тұсын тапты.

Ал, қазақстандық Абзал Серік өзбекстандық Бехзод Хамидовқа есе жіберіп, қола жүледені қанағат тұтты.

Енді ел құрамасынан Диас Молжігітов (75 келі) тағы бір өзбекстандық Алохон Абдуллаевпен шеберлік байқасады.


Фото: ASBC

Соңғы жаңалықтар