Азия чемпионаты: Қазақстандық волейболшылар екінші ойын қатарынан жеңіске жетті

None
Фото: instagram.com/volleyfederationkz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таиландтың Накхонратчасима қаласында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші мәрте жеңіске жетті, деп хабардайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық дода биыл 22 мәрте жалауын көтерді.

Қазақстандық волейболшылар D тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Гонконг, Филиппин және Қытай.

Бүгін D тобындағы 2-турда Қазақстан құрамасы Гонконгты 3:0 (25:16, 25:23, 25:17) есебімен сенімді түрде жеңді.


Кеше біздің волейболшылар Филиппинмен ойнап, тай-брейкте 3:2 (25:21, 17:25, 24:26, 27:25, 15:6) есебімен басым түскен еді. Енді олар ертең, 1 қыркүйекте Қытаймен шеберлік байқасады. Екі ойыннан кейін Қытай 6, Қазақстан 5 ұпай жинап тұр.

Азия чемпионатында барлығы 14 құрама бақ сынап жатыр. Олардың арасынан үздік шыққан 3 құрама 2025 жылғы әлем чемпионатына берілетін жолдамаға қол жеткізеді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер 6 қыркүйекте анықталады.


Айта кетсек, қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатына 12 мәрте қатысып отыр. Әзірге ең үздік жетістігі – 2005 жылы алған күміс медаль.

Ал әлем чемпионатында 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдары бақ сынады. Қазірге дейін 2014 жылғы 15-орыннан жоғары нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.

Еске салсақ, 2022 жылы еліміздің әйелдер құрамасы әлем чемпионатында 23-орынға тұрақтады.


Соңғы жаңалықтар